Атырау облысында мектепте оқушы қатарластарын балтамен қуалады: алты қызметкер жұмысынан айырылды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 14:05
- 32
Атырау облысы Құлсары қаласындағы мектептердің бірінде өзге қатарластарына балта ала жүгірген оқушыға қатысты оқиғадан кейін алты қызметкер жұмысынан айырылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Жергілікті басылымның мәліметіне сүйенсек, мектептегі қауіпсіздік мәселесіне қатысты комиссия алты адамды жұмысынан босатып, 24 адамды жауапкершілікке тартқан.
Облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Ерлан Биғамбаевтың айтуынша, мектептегі қорқынышты оқиға мектеп әкімшілігі мен жекеменшік күзет компанияларының жіберген қателігінен болған.
«Мектеп директорлары мемлекеттік сатып алу кезінде қауіпсіздікке мән бермейді. Егер күзет қызметі жұмысын дұрыс атқармаса, сотқа жүгіну керек», - деп хабарлады ол.
Еске салайық, 5 ақпанда «102» нөміріне Құлсары қаласындағы мектептердің бірінде жасөспірімдер арасында жанжал шығып, оның соңы шабуылға ұласқаны туралы хабар түскен. Оқиға салдарынан 2 оқушы жеңіл жарақат алған.
Полиция қызметкерлері 10-сыныпта оқитын жасөспірімді ұстады. Бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс тіркеліп, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне алынды.



