Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Қазақстанда кейбір ата-аналар 55 жаста зейнетке шыға алады

Қазақстанда кейбір ата-аналар 55 жаста зейнетке шыға алады
Сурет: gov.kz
Заң жобасында ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналарға 55 жаста зейнетке шығу мүмкіндігін беру ұсынылған.

Қазақстанда ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар үшін маңызды өзгерістер ұсынылды. Мәжілісте депутаттар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге жаңа бастамаларды талқылап жатыр. Соның бірі – осындай аналарға 55 жаста зейнетке шығуға мүмкіндік беру. Бұл ұсыныс «Мүгедектігі бар балаларды кешенді қолдау туралы» заң жобасы аясында қарастырылуда, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Qaz365.kz сайтына сілтеме жасап. 

Ерекше баланың ата-анасы болу тағдырдың салған тауқыметі. Қазақстанда баласына қандай жағдай болса да қамқорлық жасап, бар өмірін арнап келе жатқан ата-аналар көп. Бұл мәселені қоғамдық ұйымдар соңғы бес жыл бойы көтеріп келеді. 

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлының айтуынша, заң жобасында ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналарға 55 жаста зейнетке шығу мүмкіндігін беру ұсынылған. Қазір бұл норма тиісті министрлікпен бірге талқыланып жатыр.

Қазіргі таңда мемлекет мүгедектігі бар балалардың ата-аналарына жәрдемақы төлейді. Алайда бұл қолдау барлық жағдайда жеткілікті емес. Әсіресе екінші және үшінші топтағы мүгедектігі бар балаларға төлемдер тек 18 жасқа дейін ғана қарастырылған. Кәмелетке толғаннан кейін олардың көбі білімсіз әрі жұмыссыз қалып, жүйеден, қоғамнан тысқары қалады.

Қоғам белсенділері қолданыстағы шаралар мәселені толық шешпейді деп есептейді. Олар ерекше балаларды өмірдің барлық кезеңінде қолдайтын жүйе құрып, арнайы жұмыспен қамту бағдарламаларын енгізуді ұсынады.

«Мұндай жастар әртүрлі салада еңбек ете алады. Мысалы, наубайханада, кофеханада немесе өндірісте қолмен атқарылатын жұмыстарда. Бұл – өнімдерді қаптау, құрғақ қоспаларды бөлу, орау, картон бұйымдарын жасау, кәдесый дайындау, тігін ісі секілді шаруалар. Ең бастысы – әр балаға жеке көзқарас қажет», – дейді «Ерекше балалардың ата-аналары одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Рауан Сағадиева.

Заң жобасында тағы бір маңызды мәселе – жекеменшік түзету орталықтарының қызметін реттеу. Соңғы жылдары мұндай орталықтардың саны күрт артқан. Енді оларды міндетті түрде лицензиялау ұсынылып отыр. Қазір елде шамамен 1200-ге жуық осындай орталық бар. Мамандардың айтуынша, ерекше балалардың 70 пайызы дәл осы мекемелерге барады.

Алайда олардың қызметіне қатысты шағым да аз емес. Кейбір ата-аналар балалардың денсаулығына зиян келгенін айтады. Тіпті оңалту барысында жарақат алған жағдайлар да тіркелген.

Депутаттардың пікірінше, бұл салада тәртіп орнататын уақыт жетті.

Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда бүгінде 237 мың ерекше білім беру қажеттілігі бар бала бар. Соған қарамастан, салада маман тапшылығы сезіледі. Үш мыңнан астам арнайы педагог жетіспейді.

Жаңа заң жобасы қабылданса, ол тек ерте зейнетке шығу мәселесін ғана емес, ерекше балалар мен олардың отбасыларының өмір сапасын жақсартуға бағытталған кешенді өзгерістерге жол ашуы мүмкін.

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар