Қазақ ақыны, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Мұхтар Шаханов 84-ке қараған жасында өмірден өтті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мұхтар Шахановтың отбасы мен туған-туыстарына, жақындарына, қалың қазақ жұртына қайғыра көңіл айтады.
“Мұхтар Шаханов – шоқтығы биік шығармалар жазып, поэзияны азаматтық ұстаныммен ұштастыра білген біртуар тұлғалардың бірі еді. Оның өлең әлеміне өрісті өрнек, жаңаша тыныс әкеліп, қазақ поэзиясының дамуына өзіндік жаңалық, тереңдік дарытқан шығармалары руханиятымыздың құнды қазынасына айналды. Қоғамдағы күрделі мәселелерге үн қосып, ел мен жер тағдырына қатысты ойлы да отты пікір айтып, өзіне ғана тән азаматтық биік ұстанымның үлгісін көрсетті. Мұхтар Шахановтың қайсар мінезі, өр рухы, әділет жолындағы табандылығы мен елдік мүдде алдындағы адалдығы жұрт жадында мәңгі сақталады. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Алланың рақымы мен мейірімі жолдас болып, рухы пейіште шалқысын!” – делінген хабарламада.
Мұхтар Шаханов 1942 жылдың 2 шілдесінде қазіргі Түркістан облысы, Төле би ауданы, Қасқасу селосында дүниеге келген. "Отырар дастаны", "Жігерлендіру", "Шың басындағы оқиға", "Эверестке шығу", "Ғашықтық ғаламаты" секілді өлеңдердің авторы. "Жұбайлар жыры", "Туған күн кешінде", "Гүл дәурен", "Мен саған ғашық едім" әндерін жазған. 2004-2007 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған.




