Қазақстанда төртінші АЭС қай өңірде салынуы мүмкін екені белгілі болды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 14:59
- 35
ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда атом электр станцияларын салуға Қостанай облысы қарастырылып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, елдегі энергия тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін кемінде үш, ал болашақта төрт атом электр станциясын салу жоспарланған.
«Энергиямен тұрақты қамтамасыз ету үшін Қазақстанның дамыған электр энергетикалық желісін ескере отырып, болашақта кемінде үш, тіпті төрт атом станциясын салу мүмкіндігін қарастырып отырмыз», – деді Сәтқалиев Ақорда кулуарында журналистерге.
Балқаш маңында ірі энергетикалық блоктардың алтауына дейін салу мүмкіндігі бар екенін айтты.
«Курчатов қаласының да әлеуеті жақсы – бұл жерде шағын және орта қуатты атом реакторларын орналастыруға болады. Батыс Қазақстанда да энергия қондырғыларын біріктірілген режимде пайдалану тәжірибесі бар: ол тек электр энергиясын емес, сонымен бірге ыстық су, жылу беріп, су тұщыту циклін де жүзеге асырған. Бұл жерде де белгілі бір әлеует көріп отырмыз. Сонымен қатар Қазақстанда басқа да алаңдар зерттеліп жатыр. Атап айтқанда, энергия теңгеріміне сүйенсек, Қостанай өңірі алдағы 20-30 жылда атом станцияларын салуға арналған перспективалы орын болуы мүмкін», – деді агенттік басшысы.



