40 жыл бойы еңбек еткен қазақстандықтар зейнетке мерзімінен бұрын шығады
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 07:50
- 42
Енді зейнетке шығудың 63 жасқа дейінгі міндетті шегі еңбек өтіліне байланысты қайта қаралуы мүмкін. Яғни 40 жыл тынбай еңбек еткен азаматтарға зейнет демалысына мерзімінен бұрын шығуға мүмкіндік жасалмақ. Бұл бастама еңбек министрлігінің қарауында, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
Қазір жұмыс тобы зейнетақы мен әлеуметтік қолдау жүйесіне қатысты бірнеше ұсынысты қатар талқылап жатыр екен. Түпкілікті шешім келесі айда жариялануы мүмкін. Сонымен қатар бала күтіміне арналған екі түрлі жәрдемақыны «қызмет көрсету» форматына ауыстыру мәселесі де қарастырылуда. Осы өзгеріс жүзеге асырылса, мүгедектігі бар балаларды бағып отырған аналардың бұл еңбегі еңбек өтілі ретінде есептеліп, болашақта толық зейнетақы алуына жол ашылмақ.
«Ана өз баласына қызмет көрсетеді, сол үшін оған еңбек өтілі есептеліп, зейнетақы және әлеуметтік аударым жүргізіледі. 63 жасқа жеткенде, әйелдің зейнетақысы лайықты болады. Бұл норма бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды күтіп отырған аналарға да қатысты және 63 жасқа дейін сақталады», - дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев.



