Алматы облысында зейнеткер алаяқтар кесірінен пәтерінен айырылып қалды
- автор kyn.kz
- Бүгін, 13:41
- 147
Өздерін полиция мен Ұлттық банк қызметкерлері ретінде таныстырған белгісіз тұлғалар әйелді үйін төмендетілген бағамен сатуға көндірген, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
73 жастағы Тамара Шин бұл үйде өмірінің басым бөлігін өткізген. Зейнеткерге көршісі жиі келіп тұрады. Тамара Иннокентьевнаның жылжымайтын мүлкіне алаяқтардың ауыз салғанын алғаш болып сол хабарлаған. Ұлттық банк пен полиция қызметкерлері хабарласып, алаяқтарды құрықтауға көмектесуін сұраған көрінеді.
"Ол маған хабарландыру беру туралы нұсқаулар берді. Пәтерді сату сомасын да өзі белгіледі. Ол мені полициямен таныстырып, ақпаратты жария етпеу туралы электронды қолтаңба сияқты құжатқа қол қойғызғандай етті. Ол менің де алаяқтарды ұстауға қатысушы болып жатқанымды түсіндірді: "Сіз де бұл істің қатысушысы боласыз", - деді", - деп баяндады зейнеткер.
Қаскөйлер үйді сату туралы хабарландыруды өздері орналастырған. Келесі күні-ақ сатып алушы табылып, оны зейнеткерге операцияның қатысушысы ретінде таныстырған. Әйелге қылмыстық жауапкершілікпен қорқытып, мәміленің егжей-тегжейін талқылауға тыйым салған.
"Мен оны үйді көруге келгенде бір-ақ рет көрдім. Тіпті бағасына қатысты саудаласқан да жоқпын, өйткені маған оны "өз адамымыз" деді. Яғни, ол да осы операцияның қатысушысы. Сондықтан ол қанша ұсынса, соған келістім. Ол маған: "8 миллион", деді, ал кейін: "7,5-ке", деді. Мен: "Жарайды, 7,5-ке болсын", деп еш қарсылықсыз келістім", - деп еске алады әйел.
Мәміле небәрі екі күннің ішінде ресімделді. Осы уақытта зейнеткердің әпкесі қайтыс болып, ол шұғыл түрде жерлеу рәсіміне аттанған. Әйел ақшаны курьерге табыстаған көршісіне сенімхат берген.
Көршісі Надежда Цхай да алаяқтарға сеніп, ақшаны өткізуге көмектескен. Кейінірек белгілі болғандай, бірнеше ай бұрын оның өзін де дәл осы схема бойынша алдап кеткен екен. Бірақ әйел бұл туралы көршісінің жылжымайтын мүлкін сатуға көмектескеннен кейін ғана білген.
"6-сы күні сағат 10-да ол маған хабарласып, амандасып, жағдайымды сұрады. Мен: "Жақсы, жаман емес", дедім, ал ол болса: "Біз алаяқтармыз, біз сізді алдап кеттік", деді. Мен: "Қалай алдадыңыдар?" – десем, "Иә, біз сізді алдадық", дейді. Мен: "Түсінбедім. Бұл шынымен рас па?" – дедім. Ол болса: "Иә, бұл шындық", - деп жауап берді", - деді Надежда Цхай.
Алдаудың беті ашылғаннан кейін әйелдер полицияға жүгінді. Туыстары үйді қайта сатып алуға тырысқанымен, жаңа иесі бас тартып, мәселені сот арқылы шешуді ұсынды.
Туысы Владимир Теннің айтуынша, сот мәміленің алдаудың әсерінен және нарықтық бағадан төмен жасалғанын ескермеген. Екі сот процесі де жылжымайтын мүліктің жаңа иесіның пайдасына шешілді.
Адвокат Мұхтар Мырзатай қорғау тарапының кассациялық шағым дайындап жатқанын және мәселені бейбіт жолмен шешу мүмкіндігінен үміт үзбейтінін жеткізді.
"Барлық процестік құжат оның шынымен де алаяқтар тарапынан алданғанын дәлелдейді. Біз кассациялық сотқа кассациялық шағым жобасын дайындап жатырмыз. Дегенмен, сатып алушының құқығын бұзбай, онымен келісімге келу және мәселені бейбіт жолмен шешу мүмкіндігін де қарастырып жатырмыз", - деді Мұхтар Мырзатай.
Қазіргі уақытта полиция алаяқтарды іздестіруді жалғастырып жатыр. Ал зейнеткер болса, үйден шығару туралы шешімді күтіп отыр және бұдан былай қайда тұратынын білмейді.



