Әкімдіктен 10 млн теңге талап еткен: Шымкентте блогерге сот үкімі шықты
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 19:58
- 1
Шымкентте блогерге 10 миллион теңге бопсалау ісі бойынша үкім шықты. Ер адам 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Шымкент қаласы соттарының Facebook-тағы ресми парақшасында хабарланғандай, қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта блогерге қатысты ҚР ҚК-нің 194-бабы 3-бөлігі 2-тармағы (ірі мөлшерде мүлікті алу мақсатындағы бопсалау) бойынша іс қаралды.
Анықталғандай, 2025 жылдың қазан айында ол әлеуметтік желілерде Шымкент қаласы әкімдігінің беделіне нұқсан келтіретін жазба жариялаған. Кейін әкімдік өкілімен кездесіп, онымен 10 миллион теңгеге мемлекеттік ақпараттық тапсырыс бойынша келісімшарт жасауды талап еткен. Егер талап орындалмаса, әкімдік жұмысы туралы жағымсыз мәліметтерді жариялайтынын айтып қорқытқан.
2025 жылғы 6 қарашада ер адам анасының банк шотына аудару арқылы 990 мың теңге алған.
Сотта оның кінәсі қылмыстық іс бойынша жиналған дәлелдермен толық дәлелденді.
Прокурор соттан оны бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленуші тарап та қатаң жаза тағайындауды өтінді.
Сотталушы кінәсін ішінара мойындап, өзін бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Жаза тағайындау кезінде сот оның шын жүректен өкінуі, асырауында 5 кәмелетке толмаған баласының болуы, келтірілген шығынды өтеуі сияқты жеңілдететін мән-жайларды ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
Сот блогерді кінәлі деп танып, оны 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сондай-ақ ҚР ҚК-нің 50-бабы 3-бөлігіне сәйкес, ол 5 жыл мерзімге бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.


