Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Африкада аңға шыққан миллионерді пілдер таптап өлтірді

Африкада аңға шыққан миллионерді пілдер таптап өлтірді
bobbyhansensafaris.com
Америкалық кәсіпкер, миллионер Эрни Дозио Габонда аң аулау кезінде қаза тапты.

 Ол сирек кездесетін орман бөкені мен ергежейлі орман енекесін аулауға барған. Бұл туралы KYN.KZ тілшісі Daily Mail басылымына сілтеме жасап хабарлады.

Collect Africa дерегіне сәйкес, қайғылы жағдай Лопе-Оканда ұлттық паркі аумағындағы тропикалық орманда болған.

75 жастағы кәсіпкермен бірге кәсіби аңшы-нұсқаушы жүрген. Кенет қалың бұтаның арасынан бес ұрғашы піл мен оның төлі шығып, төлін қорғаған жануарлар адамдарға шабуыл жасаған.

Басылым мәліметінше, кәсіби аңшы қатты соққыдан шетке ұшып, ауыр жарақат алған. Ал Дозионың қолында тек бөкен аулауға арналған бытыралы мылтық болған. Пілдер оны таптап кеткен.

Марқұмның танысының айтуынша, Эрни Дозио бала кезінен аңшылықпен айналысқан. Оның Африка мен АҚШ-та жинаған олжалары көп болған. Сонымен қатар, танысы көпшіліктің ірі аң аулауға қарсы екенін айтса да, Дозионың барлық сафариі заңды түрде, арнайы лицензиямен және жануарлар санын реттеу талаптарына сай өткенін атап өткен.

Марқұмның денесі АҚШ-тың Габондағы елшілігінің көмегімен Калифорнияға жеткізілмек.

Эрни Дозио — Pacific AgriLands компаниясының иесі. Кәсіпорын Калифорнияда шамамен 12 мың акр аумақты алып жатқан жүзім алқаптарын иеленеді. Сондай-ақ компания өзге жүзімдіктерді басқару және өнім жинауға арналған жабдықтармен қамтамасыз етумен айналысады.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар