Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» бастамасын дамыту аясында жануарларға қамқорлық мәдениетін қалыптастыруға тоқталды
- автор kyn.kz
- Бүгін, 15:02
- 1
Президент үй жануарларын тиісінше күтімін жасап асырамағандар мен иесіз жануарларға қорлық көрсететіндерге жазаны күшейту керектігін айтты, деп жазды KYN.KZ тілшісі.
"Үй жануарларының адамдардан қорлық көруіне жол бермеу керек. Үкімет үй жануарларын дұрыс күтіп-баптамағандарға берілетін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатып, ал оларға қатыгездік көрсеткендерге кесілетін қылмыстық жазаны күшейтуі керек. Негізі, қаңғыбас иттер проблемасына азаматтардың немқұрайлылығы себеп: яғни олар бастапқыда жануарларға ықыласы ауып асырағанымен, кейіннен көңілдері қалып, керексіз заттай көшеге тастап кетіп жатады. Мұндай келеңсіздіктердің алдын алу қажет. Сондай-ақ ешқандай «хайпқа» жол бермей, мамандандырылған жануарлар орталықтарының қызметіне қоғамдық бақылау қойған жөн. Бұл іске сіздер де үлес қосасыздар деп ойлаймын.
Жалпы, қаңғыбас иттерге қамқорлықпен қарау қоғамның арасына сына қақпауға тиіс. Өңірлерден алған ақпаратқа сәйкес, балалар, тіпті, ересектер жабайы иттерден жиі зардап шегуде. Басты мәселе – осы. Сондықтан бұл проблемаға мемлекет пен жұртшылықтың, нақты айтқанда, заң шығару тұрғысынан Парламенттің араласпасына болмайды. Бірақ біз қорғансыз жануарларды жәбірлеген фактілерге де бей-жай қарамауымыз керек, атап айтқанда, үй жануарларын азаптағандарды қылмыстық жауапкершілікке тартқан дұрыс. Осындай тәсілдер қоршаған ортаға озық әрі жауапты көзқарас қалыптастырады деп ойлаймын. Бұл да «Таза Қазақстан» аясында атқарылуға тиіс істің бірі", – деді Президент.


