Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Беттің қисаюы, некроз, соқырлық. косметологты дұрыс таңдамаудың тағы қандай қаупі бар?

Беттің қисаюы, некроз, соқырлық. косметологты дұрыс таңдамаудың  тағы қандай қаупі бар?
Инстаграм:dr_kassanova
Ғалия Хасенова: Косметологқа барған кезде оның дипломын, тәжірибесін, еңбек өтілін тексеруге еш ұялмаңыз.

Қазір әжелердің өзін жас қыздардан ажырату қиын. Олай деуге негіз бар. Себебі косметология саласы қарқынды дамып келеді, нәтижесінде өзіне күтіммен қарап, космотологтардың есігін жиі қағатындар көп.  Десе де бір процедурасы бірден он жылға жасартып жіберетін заманауи құтысы бар мамандарды таңдаудан қателеспеген жөн. Әйтпесе, әдемі боламын деген әлпетіңізді құртып алмауыңызға кепіл жоқ. Бұл - осы салада жүрген мамандардың өзі ескертіп жатқан дабыл. Қайта қалпына келуі қиын, біршама уақыт қисайған бетпен немесе қисық ерінмен жүруге мәжбүрлегіңіз келмесе, дәл осы материалды мұқият оқып шығуға кеңес береміз.

KYN.KZ  тілшісіне дермато-косметолог Ғалия Хасанова өз тәжірибесіне сүйене отырып аруларға өз кеңесін берді.

Бүгінде сұлулық нарығы қарқынды дамып, кей иньекциялардың қолжетімді бола бастауы – кей аруларымыздың жарнамасы жалаулаған қызмет түрлеріне сеніп, опық жеп қалуына әкеп соғуда. Кей салонның алаулатып-жалаулатқан жарнамасына емес, сол жерде жұмыс істейтін маманына мән беру қажет, - дейді дәл осы тақырыпта бізге сұхбат берген дерматокосметолог және дерматовенеролог дәрігер Ғалия Хасанова.

 

 Дұрыс салынбаған укол бетіңізді қисайтып жіберуі мүмкін...

 Ұзақ жылдық тәжірибесі бар косметолог, бетке жасалатын процедуралардың көбі сырттай қарапайым көрініп, бір қысқа курсты оқи салып, кез келген адам укол жасай алатындай көрінгенімен үлкен жауапкершілікті талап ететінін айтады. Мәселен, адам беті – көп қантамырлар мен жүйке тамырларынан, бұлшықеттен тұратын өте күрделі тірі жүйе. Ойлаңыз, егер салынатын укол жүйке талшықтарына тиіп кетсе не болатынын ескере беріңіз. Кей қыздардың дұрыс салынбаған уколдың кесірінен беті қисайып қалатыны сондықтан. Дәл осындай немқұрайлылықтың салдарымен жиі кездесетін Ғалия Хасанова, «үй жағдайындағы косметология – жай ғана сервистің жоқтығы емес, тікелей адам денсаулығы үшін қауіп» деп түсіндіреді. «Маған көбіне сапасыз косметологиялық қызметтің кесірі тиіп, сол ұателікті түзеп беруге деген өтінішпен келетіндер көп. Бұл үлкен мәселе, тіпті, «жауапсыздық эпидемиясы» десе де болады. Адамдар мына нәрсені түсінуі керек. Ине тері астына кірген кезде өмірлік маңызды құрылымдармен жанасады. Медициналық білімі жоқ адамның милимметрлік қатесі некрозға – тіндердің өлуіне әкелуі әбден мүмкін. Ал бұл өмір бойы бет әлпетіңізде қалатын тыртық деген сөз» - дейді маман.

 

Сертификатталмаған препараттардың қаупі қандай?

 

      Бағасы арзан деп күмәнді студияларға немесе өзін косметологпын деп таныстырған маманның үйіне барып, бетіңізді сеніп тапсырудың қаупі үлкен. Неге оларда баға арзан? Біріншіден, лицензиясы болмауы мүмкін, арзан қызметке жүгінгендер ол құжатты сұрап, талап етуге де ұялады.

      Екіншіден, үйде жасалған процедура кезінде қандай санитарлық талаптардың сақталуы мүмкін? Тіпті, үйінде емес, шағын шаштараздарда қабылдайтындар бар. Ол жерде операциялық бөлме деңгейіндегі стерильдікті сақтау мүмкін емес. Иньекция кезінде  стафилококтан бастап, вирустық гепатиттерге дейінгі инфекция жұқтыру қаупі еселене түседі.

     Үшіншіден, клиенттерді қызықтыратын қызмет құнын түсіру үшін ол маман интернеттен кей препараттарды сатып алады. Қарапайым тілмен айтсақ, сертификатталмаған препараттарды «қара базардан» сатып алады деген сөз. Ол филлерлердің жылдар бойы адамның бет терісінің асытанда ерімей қалуы, беттегі салынған орнын ауыстыруы, болмаса аллергиялық реакциялар тудыруы әбден мүмкін. Осы жерде бір маңызды жайтты айтпай кетуге болмас. Тіпті, сапалы препараттардың өзіне кейде пациентте анафилактикалық шок болуы мүмкін. Ондай кезде клиникада «антишок» жиынтығы және өмірді сақтап қалу үшін жәрдемге келер мамандар жұмыс істейді. Ал, үй жағдайында жалғыз өзі клиенттің бетіне үңіліп, жұмыс істеп жатқан маманның абдырап қалуы әбден мүмкін. Енді осындай қауіптерді ескере отырып, сапалы қызмет көрсететін, сауатты маманды қалай таңдаймыз? Нені ескеруіміз қажет?

 

Маманның дипломын көрсетуін талап етіңіз...

Косметолог Ғалия Хасанова, баратын маманның дипломын тексеруден ұялмаңыз» деп ескертеді. «Мен әрқашан пациенттеріме айтамын, денсаулығыңыз – өз жауапкершілігіңіз. Сондықтан косметологтың дипломын тексеруге еш қысылмаңыз. Нағыз косметолог – ең бірінші кезекте дәрігер. Оның жоғары медициналық білімі болуы шарт. Және лицензиясының жарамды мерзімін де біліңіз, деймін. Егер сізге тек маска жасауға рұқсаты беретін «мастер сертификатын» көрсетіп, қолына шприц алатын болса, ондай маманға аруға мүлде болмайды. Себебі сол салынған иненің өтеуі – бет әлпетіңізді өмір бойы жасырып жүруге мәжбүрлеуі бек мүмкін.

Маған басқа мамандардың қателігін түзетуге келетін клиенттер көп. Ол қателік – эстетикалық ақау болса да жақсы ғой, кейде одан да ауыр жағдайлар болады. Тіпті, кейде бет-жақ хирургіне немесе пластикалық хирургке жіберуге мәжбүр боламыз. Біз, дерматокосметологтар қауымдастығы, халықтың осы мәселелерге қатысты сауаттылығын арттыруымыз қажет. Әйтпесе, қаражатын үнемдеймін деп өмірбақи дәрігер табалдырығын тоздырып кететіндер бар» деді маман.

    Расында косметологиялық қателіктің құны - тек көңіл күйіңізді бұзып қана қоймай, жақ бет хирургтарында ұзақ айлар бойы емделіп жүру ді қажет етіп жатады. Қалтаға салмақ салмайын деп сандалып қалуды айтпағанда, пациенттің жүйкесіне де салмақ бұл. Ернін үлкейтемін деп қисайтып алғанша білікті дәрігерге бір рет жүгінген абзал. Әйтпесе, бүлінгенді бүтіндеудің құны аз қаражат емес. Және тек ақшамен өлшенсе жақсы, денсаулығыңыздың өтеуімен келер шығын болса қайтпексіз. Сондықтан маман таңдағанда сұлулықты ғана емес, денсаулығыңызды, қауіпсіздігіңізді де бір ойлап алған артық емес. Бұл – мамандар кеңесі.

 

 

 

 

 

 

 

 

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар