Тоқаев Қазақстан Қарулы күштерінде түбегейлі реформалар жүргізілетінін мәлімдеді
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 13:56
- 31
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Отан қорғаушы күні және Жеңіс күнімен құттықтау барысында алдағы екі жыл ішінде Қарулы күштерінде түбегейлі реформалар жүргізілетінін жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Президент ең алдымен «Қазақстан – өткенге зор құрметпен, болашаққа үлкен үмітпен қарайтын бейбіт ел екенін» айтты.
«Біз кез келген қақтығыс дипломатиялық жолмен, келіссөздер арқылы шешілуге тиіс деп есептейміз, әрқашанда «ас пен тас» стратегиясын жүргізуге дайын болуымыз қажет. Біз халықаралық құқық қағидаттары мен нормалары қатаң сақталуы керек деп санаймыз. Қазақстан әлемнің барлық елімен достық қарым-қатынасын нығайта береді. Осы мызғымас ұстанымдар жаңа Ата заңымызда нақты айқындалды. Бірақ бұл қамсыз отыру қажет деген сөз емес. Еліміз түрлі сын-қатердің алдын алуға және кез келген қауіпке төтеп беруге дайын болуға тиіс. Сондықтан мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін күшейтіп, әскерімізді ең бірінші кезекте технологиялық тұрғыдан жаңғырта беруіміз қажет. Бұл – қазіргі тұрақсыз, құбылмалы заманның талабы, соны ескере отырып, ең алдымен, Қарулы күштерімізді және әскери мекемелерімізді түбегейлі реформалау керек. Бұл – стратегиялық маңызы зор міндет, оны созбай, екі жыл ішінде орындау қажет», - деді президент.




