Президент Олжас Сүлейменовті 90 жасқа толуымен құттықтады
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 15:48
- 44
«Құрметті Олжас Омарұлы!
Мерейлі 90 жасқа толуыңызбен шын жүректен құттықтаймын!
Сіз Қазақстанда ғана емес, әлемдік деңгейде де көрнекті ақын, ойшыл әрі беделді қоғам қайраткері ретінде зор құрмет пен мойындауға ие болдыңыз. Сіздің гуманистік идеяларыңыз ұлттық мәдениет пен қоғамдық-саяси ойдың құнды мұрасына айналып, еліміздің шекарасынан тыс жерлерге де кеңінен тарады. Бірегей шығармашылығыңыз арқылы қазақ халқының тарихи санасының жаңғыруына өлшеусіз үлес қостыңыз.
Өзіңіз негізін қалаған «Невада – Семей» халықаралық қозғалысы Қазақстанда және әлемде ядролық сынақтарды тоқтатуға, ядролық қарусыздану идеясын дәріптеуге және Жердің бейбіт болашағы үшін жаһандық жауапкершілікті нығайтуға үлкен серпін берді.
Дипломатиялық қызметте де Сіз ұлттық мүддені лайықты қорғап, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттыруға еңбек сіңірдіңіз.
Сіздің өмір жолыңыз – Отанға адалдықтың, жоғары азаматтық ұстанымның және жалпыадамзаттық құндылықтарға беріктіктің жарқын үлгісі.
Құрметті Олжас Омарұлы!
Сізге зор денсаулық, бақ-береке және қайталанбас талантыңызды қадірлейтін жұртшылықтың қуанышына бөлене беруіңізді тілеймін», – делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Сондай-ақ Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысының құттықтау хатын Қазақстанның халық жазушысы Олжас Сүлейменов үйіне барып, арнайы табыстады.




