Жаңбыр, найзағай, бұршақ: "Қазгидромет" алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамын жасады
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 17:15
- 55
Қазгидромет 19, 20, 21 мамырға арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Еліміздің солтүстігінде, шығысында және орталығында жылы әрі ашық ауа райы сақаталады. Ал батыс және оңтүстік облыстарында жаңбыр жауып, найзағай және екпінді жел соғады. Кей жерлерде бұршақ жаууы ықтимал.
Синоптиктердің болжауынша, 19 және 21 мамырда Қызылорда мен Түркістан облыстарында, ал 19-21 мамыр аралығында Жамбыл облысында қатты жаңбыр жауады.
Ауа температурасы батыс пен оңтүстікте +27…+35°C-қа дейін, шығыста +20…+28 °C-қа дейін көтеріледі.
20-21 мамыр күндері елдің солтүстігі мен шығысында жаңбыр жауып, найзағай соғуы мүмкін. Бұл күндері нөсер жаңбыр, бұршақ жауып, дауылды жел соғады.
21 мамырда күндіз Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында ауа температурасы +10…+18 °C-қа дейін, ал елдің орталығында +15…+23 °C-қа дейін төмендейді.




