Алматыдағы жеке клиникада отадан кейінгі блогердің өлімі: Денсаулық сақтау министрлігі тексеріс жүргізілетінін мәлімдеді
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 16:16
- 19
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Алматыдағы жекеменшік клиникалардың бірінде белгілі блогер Сәуле Базарханның қазасына қатысты істі жеке бақылауына алатынын мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ол пластикалық ота жасайтын медициналық мекемеге тексеру жүргізіліп, ота кезінде науқасқа шұғыл көмек көрсетілген-көрсетілмегені де анықталатынын айтты.
"Мамандар клиниканың лицензиясы болған-болмағанын, қызметкерлердің тиісті біліктілігі бар-жоғын, медициналық процедуралардың стандарттарға сәйкестігін және шұғыл көмек дұрыс көрсетілген-көрсетілмегенін анықтайды", — деді Денсаулық сақтау министрі.
Ведомство марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтып, пластикалық және косметологиялық операциялардың толыққанды медициналық процедура екенін еске салды.
Егер тексеріс барысында заңбұзушылықтар анықталса, материалдар құқық қорғау органдарына жолданады.




