Алматы облысында полицей әйелін қағып өлтірді: істің мән-жайы белгілі болды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 15:30
- 31
Алматы облысында полиция қызметкері жұбайы Дарина Қабдолданованы көлікпен қағып өлтірді деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Politico.kz Время басылымына сілтеме жасап.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, марқұм Дарина Қабдолданова да бұрын құқық қорғау органдарында қызмет еткен. Жұп сол жерде танысып, кейін отбасы құрған деген ақпарат тарады. Алайда бұл мәліметті Алматы облыстық полиция департаменті ресми түрде растаған жоқ.
Басылым мәліметінше, қайғылы оқиғадан бір күн бұрын 37 жастағы Бауыржан Қабдолданов қызметтік іссапармен Қонаев қаласына барған. Ол тергеліп жатқан бірнеше қылмыстық іс материалдарын сараптамаға апарған. Қасында жұбайы Дарина болғаны айтылды.
Тергеудегі нұсқалардың біріне сәйкес, 16 мамыр күні таңертең ерлі-зайыпты арасында жанжал туындаған. Осыдан кейін полицей әйелін Қонаев – Бақанас тасжолының жиегіне түсіріп кеткен. Алайда бірнеше шақырымнан соң кері бұрылып келген кезде, жол бойында отырған әйелін байқамай қалып, көлікпен қағып кеткенін айтқан. Оқиға шамамен таңғы сағат 05:00 шамасында болған.
Қазір іс аясында наркологиялық және автотехникалық сараптамалар тағайындалған. Егер күдіктінің мас болмағаны және жолда отырған әйелді техникалық тұрғыда байқамауы мүмкін екені дәлелденсе, бұл жағдайлар жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырылуы ықтимал.
Алайда әлеуметтік желі қолданушылары таң жарығы түсе бастаған уақытта адамды байқамай қалу мүмкіндігіне күмән келтіріп жатыр.
Аталған дерек бойынша өлімге әкеп соққан жол-көлік оқиғасы бабымен қылмыстық іс қозғалды. Істі тергеуге Балқаш ауданы прокуратурасы мен облыстық полиция департаментінің тергеу тобы жұмылдырылған.
Белгілі болғандай, Бауыржан Қабдолданов бұған дейін ұзақ жылдар тергеу саласында жұмыс істеген. Ол Іле аудандық полиция бөлімінің тергеу бөлімін басқарған, кейін Балқаш аудандық полиция бөлімі бастығының тергеу жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалған.



