Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Блогер Сәуле Базархан көз жұмған жеке клиникада бұрын пластикалық отадан тағы бір адамның қайтыс болғаны белгілі болды

Блогер Сәуле Базархан  көз жұмған жеке клиникада бұрын пластикалық отадан тағы бір адамның қайтыс болғаны белгілі болды
Сурет: ашық дереккөздерден
Сәуле Базархан көз жұмған пластикалық хирургия клиникасына қатысты тексеріс осы аптада басталады.

Медфармбақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов блогер әрі кәсіпкер Сәуле Базархан қаза тапқан клиникада 2020 жылы да адам өліміне байланысты тексеріс болғанын мәлімдеді. Алайда клиника ол кезде басқа заңды тұлға ретінде тіркеліп, өзге атаумен жұмыс істеген, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі TengriHealth порталына сілтеме жасап. 

Бауыржан Жүсіпов Сәуле Базархан көз жұмған пластикалық хирургия клиникасына қатысты тексеріс осы аптада басталатынын мәлімдеді. Ол алдымен прокуратура тіркейтінін кейін министрлік тексерісті бастайтынын алға тартты. Айтуынша бұл клиника сол резонансты жағдайдан кейін заңды тұлғасын ауыстырып, атауын да өзгерткен. 

"Бұл ақпарат расталады. Клиника бұрын сол мекенжайда жұмыс істеген. Бірақ ол кезде атауы басқа болған. 2020 жылы сол клиникада липосакция операциясынан кейін өлім жағдайы тіркелген. ", – деді комитет басшысы.

Оның айтуынша, осы жағдайдан кейін клиникаға қатысты тексерістер басталған. Алдымен санитарлық қызмет мекемеге берілген санитарлық рұқсатты кері қайтарып алған. Кейін Алматы қаласындағы медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті сотқа жүгініп, клиниканы пластикалық операция жасау лицензиясынан айыру туралы шешім шығарылған.

"Осыдан кейін басқа заңды тұлға тіркеліп, жаңа талаптарға сәйкес иелері қайтадан лицензия алған. Клиника сол мекенжайда жұмысын жалғастырды. Бірақ өзге атаумен", – деді Бауыржан Жүсіпов.

Жүсіповтің айтуынша, бастапқыда бұл клиникаға лицензияны Алматы әкімдігі берген. Кейін құжаттар қалалық кәсіпкерлік басқармасы арқылы қайта рәсімделген. Ал 2021 жылдан бастап лицензиялау функциясы Денсаулық сақтау министрлігі Медфармбақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне берілген.

Дегенмен комитеттөрағасы мұндай әрекеттің заңға қайшы емес екенін алға тартты. Айтуынша, егер медициналық ұйым барлық талаптарға сай болса, лицензия алып, медициналық көмек көрсете алады.

Қазақстанда пластикалық операция жасауға лицензиясы бар 295 клиника жұмыс істейді. Оның 247-сі – жекеменшік, 48-і – мемлекеттік. Соңғы бес жылда осындай медициналық ұйымдарға 92 жоспардан тыс тексеріс жүргізілген. Тексерістер барысында лицензиялық талаптардың бұзылуы, стандарттарға сәйкес келмеу жағдайлары, тіпті тиісті рұқсатсыз медициналық қызмет көрсету фактілері анықталған.

“Бұл тексерістердің барлығы пациенттерден түскен шағымдардан немесе өлім жағдайларынан кейін басталған. Қазір біз профилактикалық бақылау тәсілдерін күшейтеміз. Министрліктің ақпараттық жүйелері арқылы мұндай клиникаларды тереңірек талдап, олардың рұқсат құжаттарын, жабдықталуын және басқа да талаптарға сәйкестігін тексереміз. Бұрын заң бұған толық мүмкіндік бермеген. Енді бұл бағытты күшейтеміз”, – деді комитет өкілі.

Сонымен қатар Жүсіпов комитет алдағы уақытта лицензияны бес жыл сайын қайта рәсімдеу қажеттігін қайта көтеретінін айтты. Қазіргі жүйеде лицензия мерзімі шектеусіз беріледі. Оның пікірінше, мұндай өзгеріс бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Еске салайық, 53 жастағы алматылық Сауле Базархан 15 мамыр күні пластикалық хирургия клиникасында көз жұмған. Ол липосакция жасатпақ болған. 

 

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар