Алматыда «Көкжайлау шатқалында Almaty Superski тау курортын салу» жобасына қатысты қоғамдық тыңдаулар өтіп жатыр
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 17:22
- 14
Басқосуда сала ғалымдары жобаның артықшылықтарын ғылыми түрде зерделегендерін алға тартты. Олардың пайымдауынша, тау курортын салу табиғатқа нұқсан келтіруі ықтимал деген кейбір ой-пікірлер шындыққа жанаспайды.
Қоғамдық тыңдауда барлық туындаған сұрақтарға мамандар тарапынан жүйелі жауап беріліп, жобада табиғатты сақтауға қатысты барлық талап-тілектер ескерілетіні айтылды.
Мамандар Өзбекстан, Грузия, Қырғызстан және Армения елдеріндегі тау туризмін дамыту тәжірибелерін мысалға келтірді.
Айтуларынша, Almaty Superski жобасы халықаралық деңгейдегі заманауи төрт маусымдық тау инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған. Бұл өз кезегінде Алматыдағы жыл он екі айлық туризмді жүйелі дамытуға мүмкіндік бермек.
Kazakh Tourism Dev. LTD компаниясының бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев өз баяндамасында жобаға әлемдік деңгейдегі сарапшылардың кең ауқымы тартылғанын айтты. Оның сөзінше, қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған «Шымбұлақ» тау курортының мүмкіндігі шегіне жеткен. Лыжа трассалары мен инфрақұрылымға түсетін жүктеме айтарлықтай артқан.
Алматының бірегей табиғи әлеуетін тиімді пайдалану арқылы туризм тынысын кеңейтуге болады.
Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, сол арқылы елдің әлеуметтік әлеуетін арттыруға серпін бермек.
Жоба бойынша жалпы ұзындығы 60 шақырымды құрайтын әртүрлі деңгейдегі шаңғы трассаларын салу көзделген. Сонымен қатар заманауи үлгідегі 17 аспалы көтергіш орнату жоспарланған.
Мамандардың пікірінше, жаңа курорттың іске қосылуы туристер санын арттырып, ішкі және шетелдік қонақтардың көбеюіне жол ашады. Соның нәтижесінде қала бюджетіне түсетін түсім көлемі де ұлғая түспек.


