Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

"Бүгінге дейін бізбен байланысқа шыққан ешкім жоқ": Михаил Шайдоров Спорт министрлігінің мәлімдемесіне жауап берді

"Бүгінге дейін бізбен байланысқа шыққан ешкім жоқ": Михаил Шайдоров Спорт министрлігінің мәлімдемесіне жауап берді
Сурет: НОК РК/ Сали Сабиров
Спортшы министрлік өкілдері айтқан “өмір бойғы мемлекеттік төлемдер” мәселесіне де түсініктеме берді.

2026 жылы Миланда өткен Олимпиадада Қазақстанға тарихи алтын сыйлаған мәнерлеп сырғанаушы  Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың жалақынасына қатысты Спорт министрлігіне жауап берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Спортшы Threads желісінде жазба жариялады. Михаил Шайдоровтың айтуынша, келісімшарттағы даулы тармақ бар. Спортшы 2026 жылдың соңына дейін жасалатын құжатта 2030 жылғы Олимпиадада медаль алу міндеті көрсетілгенін айтты.

«Келісімшарт мен сомаға келіспегендіктен немесе елге келуден бас тартқандықтан бекітілмей тұрған жоқ. Мұны солай көрсеткісі келеді. 2026 жылдың соңына дейін әрекет ететін келісімшартта 2030 жылғы Олимпиадада медаль алу міндеті жазылған. Біз командамызбен бұл тармақты заң тұрғысынан қайта қарауды ғана сұрадық. Өйткені бұл қисынсыз әрі мүмкін емес. Мен 2026 жылы тек төрт жылдан кейін өтетін Олимпиаданы жеңе алмаймын. Осы сұрақтарды заңгерлерге қойып, тармақты қайта қарауды сұрадық. Бірақ бүгінге дейін бізбен байланысқа шыққан ешкім жоқ», – деді чемпион.

Спортшы министрлік өкілдері айтқан “өмір бойғы мемлекеттік төлемдер” мәселесіне де түсініктеме берді. Оның сөзінше, бұл төлемдерді дәл қазір алу мүмкін емес.

«Министрлік жауап беруге асыққан сияқты. Өйткені бұл ақпарат толық дұрыс емес. Бұл төлемдерді мен 20 жыл еңбек өтілі болған кезде ғана ала аламын. Ал мен қазір 21 жастамын. Қазр бұл төлемдерге үміт артып отырған жоқпын. Мүмкін, болашақта сондай еңбек өтілін жинайтын шығармын. Бірақ қазір бұл туралы айтуға ерте. Алда көп жұмыс бар, оған жету керек», – деді Михаил.

Спортшының айтуынша, ол бір аптадан кейін, яғни 5 маусымда басталуға тиіс оқу-жаттығу жиынына баруы керек. Алайда жауапты ведомство әлі күнге дейін сметаны бекітпеген және билет те алынбаған.

“Маған сеніңіздер, егер осы уақытқа дейін Олимпиада алтыны үшін төлемдерімді алған болсам, дайындықты өз қаражатыма ұйымдастырып, бұл мәселені көпшілік алдына шығармас едім”, – деді ол.

Сондай-ақ, Шайдоровқа Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері куәлігі әлі берілмеген.

Ал кейбір сыншылардың “ақша үшін дау шығарып отыр” деген сөзіне жауап ретінде Михаил төленбеген жалақысының бәрін Балаларды қорғау күніне орай балаларға көмек пен қолдау көрсетуге жұмсайтынын мәлімдеді.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар