Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Ең төменгі жалақы алатын қазақстандықтардың ақшасы биыл өспейді

Ең төменгі жалақы алатын қазақстандықтардың ақшасы биыл өспейді
Сурет: almaty.tv
Ең төменгі жалақыны өсіру 2027–2028 жылдары қаралады.

Қазақстанда ең төменгі жалақыны (ЕТЖ)  алдағы екі жылда өсіру жоспарланбаған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Журналистер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Аскарбек Ертаевқа ең төменгі жалақыға қатысты сұрақ қойды.

Министрдің айтуынша, бүгінде ең төменгі жалақы жұмыс беруші қызметкерге төлей алатын ең төменгі шекті ғана белгілейді. Алайда ол азаматтардың нақты өмір сүру құнын көрсетпейді.

Ведомство деректеріне сәйкес, шамамен 400 мың қазақстандық ең төменгі жалақы деңгейінде табыс табады. Дегенмен министр бұл азаматтардың барлығы толық жұмыс күнімен еңбек етпейтінін атап өтті.

«Шамамен 400 мың адам ең төменгі жалақы алады. Бірақ бұл олардың толық жұмыс күнімен еңбек ететінін білдірмейді. Біз бірнеше рет түсіндірдік: ең төменгі жалақы адамның өмір сүру деңгейін өлшейтін көрсеткіш болмауы керек. Біздің ойымызша, жалақы медиандық жалақыдан төмен болмауы немесе одан жоғары болуы тиіс. Сонда ғана ол азаматтардың сатып алу қабілетін қамтамасыз етеді», – деді министр.

Сондай-ақ Ертаев табысы төмен азаматтарға қайта даярлау курстарынан өтіп, жоғары жалақы ұсынылатын жұмыс орындарын қарастыруға мүмкіндік бар екенін айтты.

«Егер адам төмен жалақы алса, қайта оқыту курстарынан өтіп, жалақысы жоғары бос жұмыс орындарын қарап, басқа жұмысқа ауысуына мүмкіндік бар», – деді ол.

Министрдің сөзінше, ең төменгі жалақыны есептеу тәсілдерін өзгерту мәселесі әзірге Үкіметтің жақын арадағы күн тәртібінде тұрған жоқ.

«Ең төменгі жалақыны айқындау қағидаларын талқылауға дайынбыз. Бұған дейін айтқанымдай, Үкіметтің іс-қимыл жоспары аясында Ұлттық банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп бұл мәселе 2027–2028 жылдары қаралады», – деп қорытындылады Аскарбек Ертаев.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар