Атыраудағы қанды қылмыс: бір отбасының төрт мүшесінің өліміне қатысты сотта жаңа деректер айтылды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 10:56
- 39
Елді дүр сілкіндірген Атырау облысындағы төрт адамның өліміне қатысты сотта жаңа деректер айтылды. Бір отбасының төрт бірдей мүшесін қырып кетті деп айыпталған Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты іс бойынша куәгерлер тыңдалып жатыр. Сотталушының туыстары марқұмдардың отбасы арасына іріткі түсті деп мәлімдесе, жәбірленуші тарап тергеуде әлі де жауапсыз сұрақ көп екенін айтады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арансы жаңалықтарына сілтеме жасап.
Елді елеңдетіп отырған аса ауыр қылмыстық істе 26 куәгер бар. Бүгінге дейін оның жиырмадан астамы тыңдалды. Куә ретінде жауап берген сотталушының туыстары марқұмдардың, яғни Ақбаянның ата-анасы мен бауырлары отбасы арасына түсті деумен келеді.
Өткен сот отырысында куә ретінде жауап беруден бас тартқан сотталушының анасы ұлын кінәламайтын сыңай танытты. Керісінше, артыңда бес балаң бар деп, демеу білдірді.
Ал айыпталушының әкесі құдаларымен арадағы қарым-қатынас 2022 жылдан бері үзілгенін айтты. Оның сөзінше, болған жағдайды әлі күнге дейін қабылдай алмай жүр.
«Ара қатынасты үзіп тастады ғой. Өзі келіп, қызын бөлек шығарам деп, содан кейін араласқан жоқпыз. Әлі түсінбей жүрмін. Есімнен танып қалған сияқтымы. Ойлау да адамға қиын ғой», - деді сотталушының әкесі
Самиғолла Сәрсемалиев.
Сот барысында сотталушының туыстары мен Жангелдин ауылынан куәлар тыңдалды. Коммуналдық қызмет мамандары, ауыл медбикесі, көршілері және Атырау қаласынан күдіктіге үй жалға беруші куәлік етті.
Жәбірленуші тарап сотқа «марқұм үй иелерінің есігінің алдынан жуықта екінші кілтті тапқанын, оны кім, қалай қойып кеткенін білмей жүрміз, тіпті оған құзырлы органдар назар аудармады» деп айтты. Бұған прокурор да нақты жауап бере алмады
«Іс бойынша барлық дәлелдеме сотқа ұсынылды. Қазір бас сот талқылауы жүріп жатыр», дейді Мирас Бауыржанов, мемлекеттік айыптаушы.
Ал сотталушының қорғаушысы Сұлтан Сәрсемалиевтің кінәсін мойындауы «оның кінәлі екенін білдірмейді» дейді. Бұған дейін өзін мемлекет тағайындаған адвокат ретінде таныстырған қорғаушы бұл жолы іске қайырымдылық негізде қатысып жүргенін мәлімдеді. Айыпталушының екі адвокаты бар.
«Әлеуметтік көмек, қайырымдылық негізде көмек жасауға болады. Бұл бойынша туысқандармен жасалған келісімшарт бар. Сәрсемалиев әлі кінәлі болып табылған жоқ. Оны кінәлі деп айтуға болмайды. Мойындай берсін. Кінәлі, я кінәлі емес пе, оны сот шешеді», - дейді Асан Жұмабаев, сотталушының адвокаты.
Сұлтан Сәрсемалиев өткен сот отырысында Наурыз Мұқанғалиевты «қасақана өлтірген жоқпын, өзімді қорғадым» деп мәлімдесе, Мейрамгүл Қарабалинаны 32 жерден пышақтап өлтіргенін мойындады.
Айта кетейік, сотталушыға ҚР Қылмыстық кодексінің аса ауыр — 13 бабымен айып тағылған. Ол 2025 жылдың мамыр араша айында қайын ағасы Наурыз Мұқанғалиевты пышақтап өлтіріп, қалада жалдап тұрған үйдің іргесіне көмген. Жеті айдан кейін, яғни қарашада Жангелдин ауылына барып, қайын атасы мен енесін азаптап өлтіріп, марқұмдардың үлкен қызы Мейрамгүл Қарабалинаны қалаға алдап ертіп келген. Бірер күнде оны да өлтіріп, ағасы Наурызды көмген жерді қайта қазып, соның үстіне тастаған. Мұнымен де тоқтамаған. Марқұмдардың барлығының жеке куәлігін, ұялы телефондарын, тіпті, әлеуметтік төлемдерін емін-еркін пайдаланып және малын сатып, олардың атынан несие рәсімдеген деген күдікке ілініп отыр.




