Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Тоқаев мемлекеттік Туды көтеру рәсіміне қатысты (фото)

Тоқаев мемлекеттік Туды көтеру рәсіміне қатысты (фото)
Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы қазақстандықтарды атаулы күнмен құттықтады.

4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні. Осыған орай президент Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысып, сөз сөйледі, деп хабарлайды KYN.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы "Атамекен" этномемориалды кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты.

Құрмет қарауылының бастығы салтанатты іс-шараға дайындығы туралы президентке рапорт берді. Содан кейін еліміздің әнұраны шырқалып, көк байрағымыз көтерілді.

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды атаулы күнмен құттықтады.

"Баршаңызды Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – қасиетті Отанымыз – Қазақ елінің әрбір азаматы үшін маңызы ерекше мереке. Біз осы күні байрағымызды биікке көтереміз. Сол арқылы еңселі, егемен ел екенімізді күллі әлемге паш етеміз.

Қастерлі рәміздеріміз – ұлт құндылықтарының жарқын символы. Мемлекетіміздің әр нышаны халқымыздың болмыс-бітімінің көрінісі саналады.

Елтаңба – елдігіміздің айшықты белгісі. Әнұран – азаттығымыздың айбынды үні. Көк Туымыз – Тәуелсіздік тұмары. Төбемізге көтеріп, қадір тұтатын осы үш рәмізді мемлекеттігіміздің мызғымас үштағаны десек, артық болмайды.

Тарихқа үңілсек, жұртымыз әрқашан бір тудың астына жиналып, ынтымақ-бірлігін сақтай білген. Қазір де еліміз ауызбіршілігін нығайтып, алға қарай сеніммен қадам басып келеді", - деді президент.

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар