Германияда қайтыс болған Айгүл Сайлыбаеваның өлімі: күдікті күйеуі мен енесі Ресейден Қазақстанға экстрацияланбайды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 16:39
- 21
Сыртқы істер министрлігі Германияда қаза тапқан Айгүл Сайлыбаеваның ісіне қатысты тергеу барысы жөнінде айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ведомство мәліметінше, Қазақстанның Франкфурт-на-Майнедегі Бас консулдығы Гессен федералдық жерінің құзырлы органдарымен тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.
“Қазақстан тарапы күдіктілерді экстрадициялау туралы сұрау жолдаған. Осыдан кейін Ресейдің құқық қорғау органдары А.Донцов пен Н.Донцованы Мәскеуде ұстады. Бұған дейін аталған екі тұлғаға Германияның құқық қорғау органдары тарапынан халықаралық іздеу, ал Қазақстан ішкі істер министрлігі арқылы мемлекетаралық іздеу жарияланған”, – делінген ресми жауапта.
Күдіктілердің екеуі де Ресей азаматы болғандықтан, оларды басқа мемлекетке экстрадициялау мүмкін емес екені хабарланған.
“ Қазақстан елшілігі 2026 жылы 5 мамырда Ресей Сыртқы істер министрлігіне ресми нота жолдады. Ресей сыртқы істер министрлігімен өткен келіссөздер барысында Қазақстан елшілігі бұл мәселені жедел қараудың маңызына назар аударды. Оған қоса бұрын жолданған нотаға жақын арада жауап беріледі деген үміт білдірді. Аталған мәселе Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің тұрақты бақылауында”, – деп хабарлады министрлік.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның елшілік өкілдіктері қаза тапқан әйелдің туыстарымен тұрақты байланыста.
Еске салсақ, 2024 жылдың маусым айында қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның Германияда із-түссіз жоғалып кеткені хабарланды. Кейін денесі Германияның Бенсхайм қаласының маңынан табылған болатын. Ол Бенсхайм қаласында күйеуі, қызы және енесімен бірге тұрған. 4 маусым күні таңертең Сайлыбаева қызын балабақшаға алып кеткен. Содан кейін оны ешкім көрмеген.16 маусым күні оның денесі қала шетіндегі Эрлаче карьерінен табылды. Мәйіт полиэтилен пакетте болған. Әйел өлтірілмес бұрын зорлық-зомбылыққа ұшырағаны белгілі болды.




