Қазақстанда азаматтарды қолдаудың ауқымды жүйесі қалыптастырылды
- автор kyn.kz
- 4 маусым, 2026
- 127
Жаңа Конституцияда бекітілген әлеуметтік мемлекет қағидаттары азаматтардың барлық санатын — балалы отбасыларды, жастарды, мүгедектігі бар адамдарды, зейнеткерлерді, әлеуметтік сала қызметкерлерін және табысы төмен азаматтарды қамтитын нақты шешімдер арқылы жүзеге асырылып отыр.
Бүгінде әлеуметтік қолдау ауқымы миллиондаған адамды және жүздеген миллиард теңгені қамтып отыр. 2,5 миллионнан астам адам зейнетақы алады, 630 мыңнан аса көпбалалы отбасы жәрдемақымен қамтылған, 544 мыңнан астам азамат мүгедектік бойынша қолдау алады, ауылдық жерлерде шамамен бір миллион тұрғын жаңа медициналық инфрақұрылымға қол жеткізді, ал білім беру гранттарының саны соңғы бес жылда 93 мыңнан астамға жетті.
Бүгінде елімізде әлеуметтік қолдаудың көп деңгейлі жүйесі қалыптасқан. Ол тегін медициналық көмек, мемлекеттік жәрдемақылар, зейнетақымен қамсыздандыру, білім мен ғылымды қолдау, ана мен баланы қорғау, сондай-ақ әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға арналған арнайы қорғау бағдарламаларын қамтиды.
Бұл шаралардың көпшілігі қаржыландыру көлемі жағынан да, қамтитын азаматтар саны жағынан да бұрын-соңды болмаған.
Баршаға қолжетімді медицина
Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін сақтау және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін әрі қарай дамыту әлеуметтік саясаттың басты жетістіктерінің бірі болып қала бермек. Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған денсаулық сақтау жүйесін дәйекті түрде жаңғырту жұмыстарын жүргізуде.
Бүгінде қазақстандықтар мемлекет есебінен кең ауқымды медициналық көмектер: дәрігерлер кеңесі мен профилактикалық тексерулерден бастап, құны ондаған миллион теңгеге жететін жоғары технологиялы операцияларға дейін тегін алуда. Кардиохирургиялық операциялар, нейрохирургиялық араласулар, ағза трансплантациясы, онкологиялық ауруларды емдеу, сирек патологиясы бар науқастарға көмек және басқа да қымбат ем түрлері қаржыландырылады. Мемлекеттік қолдау болмаған жағдайда мұндай ем көптеген отбасылар үшін қолжетімсіз болар еді.
Онкологиялық тексерулер тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне енгізілді. Соның нәтижесінде шамамен 300 мың адам қосымша диагностикадан өту мүмкіндігін алды.
Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде демографиялық көрсеткіштер тұрақты түрде жақсарып келеді. Өмір сүру ұзақтығы тарихи ең жоғары деңгейге жетіп, 75,97 жасты құрады. Қазақстан сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жұқпалы емес аурулардан болатын мезгілсіз өлім-жітімді азайту жөніндегі мақсатты көрсеткішіне мерзімінен бұрын қол жеткізді. Сонымен қатар профилактикалық медицина дамып келеді, скринингтік бағдарламалар кеңейтілуде, ерте диагностиканың жаңа әдістері енгізілуде және диспансерлік бақылау жүйесі жетілдірілуде.
Мемлекет есебінен жоғары технологиялы медициналық көмек
Мемлекет азаматтарды қымбат әрі жоғары технологиялы медициналық көмекпен қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырып келеді. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы қазақстандықтар табыс деңгейіне қарамастан заманауи диагностика, емдеу әдістері және күрделі хирургиялық операцияларға қол жеткізуде.
Ауыр туа біткен аурулары мен патологиялары бар балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Жыл сайын туа біткен аурулары бар шамамен 1,5 мың нәрестеге операция жасалады, олардың шамамен 40%-ы аз инвазивті эндовидеохирургиялық технологиялармен жасалады.
Сонымен қатар балалар кардиохирургиясы да дамып келеді. Жыл сайын елімізде жүрек-қан тамыр жүйесінің туа біткен ақаулары бар балаларға шамамен 2 мың ашық операция жасалады.
Заманауи медициналық технологияларды енгізу нәрестелердің операциядан кейінгі өміршеңдігін 88%-дан 93%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, 19 инновациялық медициналық технологияның енгізілуі балаларды шетелде емдеуге жіберу санын екі есе қысқартып, жоғары технологиялы көмекті ел ішінде қолжетімді етті.
Қымбат ем мен дәрі-дәрмекпен қамту да кеңейіп келеді. 2018 жылы тегін дәрі-дәрмекпен 1,9 миллион адам қамтылса, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 3,4 миллионға жетті. Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінетін қаржы осы кезеңде 87,2 миллиард теңгеден 337,4 миллиард теңгеге дейін үш есе өсті.
Медициналық инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту
Медициналық инфрақұрылымды дамыту денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртудың ең ауқымды бағыттарының біріне айналды. Соңғы жеті жылда елімізде 1250-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынды, оның 800-ден астамы соңғы үш жылда ғана пайдалануға берілді.
Ауыл медицинасын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысаны салынды. 200-ден астам ауылдық елді мекендер алғаш рет өздерінің медициналық мекемелеріне ие болды, ал миллионға жуық ауыл тұрғындары аудандық немесе облыстық орталықтарға бармай-ақ тұрғылықты жерінің жанында медициналық көмек алуға мүмкіндік алды.
Бір мезгілде жұмыс істеп тұрған ауруханалар мен емханаларды жаңғырту жүргізілуде, медициналық жабдықтар жаңартылуда, цифрлық технологиялар мен телемедицина енгізілуде, консультациялық-диагностикалық көмек көрсету мүмкіндіктері кеңейтілуде.
Аналарды ерекше қолдау
Аналарды қолдау және әйелдердің денсаулығын қорғау әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет жүктілікті жоспарлаудан бастап баланың дүниеге келуі мен босанғаннан кейінгі бақылауға дейінгі барлық кезеңдерді қамтитын кешенді жұмысты жүзеге асыруда.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда ана өлімінің көрсеткіші алты есеге төмендеді. Тек соңғы бес жылда ол тағы 35%-ға қысқарды. Бүгінгі таңда жүкті әйелдердің 90%-дан астамы жүктіліктің 12 аптасына дейін есепке алынады, бұл тәуекелдерді уақтылы анықтауға және қажетті медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
2025 жылғы тамыздан бастап «Аналар саулығы» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ол алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде әйелдер үшін 15 тегін тексеруден өтуді қарастырады. Сонымен қатар «Бір күндік клиника» жобасы дамытылуда, ол жүкті әйелдерге барлық қажетті зерттеулер мен мамандар консультацияларынан бір күн ішінде өтуге мүмкіндік береді. 2024 жылдан бастап Қазақстанда фетальды медицина – ұрықтағы патологияларды жатырішілік емдеудің заманауи бағыты енгізілді.
Босандыруға көмектесу инфрақұрылымын дамыту жалғасуда. Елімізде 273 қалалық және 152 ауылдық әйелдер консультациясы, сондай-ақ облыстық перинаталдық орталықтар жанындағы 24 консультация жұмыс істейді. Бұдан бөлек, болашақ аналарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін жаңа нысандар ашылуда.
Балалар денсаулығына қамқорлық
Сонымен қатар балалардың денсаулығын қорғау жүйесі кезең-кезеңімен күшейтіліп келеді. Соңғы жылдары балаларға медициналық көмек көрсетуге бөлінетін қаржы көлемі екі еседен астам өсіп, 264 млрд теңгеден 585 млрд теңгеге дейін жетті. Бүгінде денсаулық сақтау жүйесі шығындарының шамамен төрттен бірі балалар денсаулығын сақтауға бағытталады.
Тәуелсіздік жылдары ішінде нәресте өлімі 7,5 есеге төмендеді. Елімізде балаларға медициналық көмек көрсетудің көпдеңгейлі жүйесі қалыптасқан. Ол емханаларды, көпбейінді балалар ауруханаларын, перинаталдық орталықтарды және мамандандырылған медициналық ұйымдарды қамтиды. Жыл сайын туа біткен даму кемістігі бар 1,5 мыңға жуық жаңа туған нәресте жедел ем алады, ал 2 мыңға жуық балаға ашық жүрекке ота жасайды.
Медициналық оңалтуды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде Қазақстанда балаларға арналған 81 медициналық оңалту орталығы жұмыс істейді, онда жүздеген мың кішкентай пациент түрлі көмек түрлерін алады. Жаңа оңалту орталықтарын ашу және дамуындағы ауытқуларды ерте анықтап, қажетті көмекті дер кезінде көрсетуге мүмкіндік беретін ерте араласу қызметтерін дамыту жұмыстары жалғасуда.
Балалы отбасыларды мемлекеттік қолдау
Сондай-ақ елімізде баланың дүниеге келген сәтінен бастап оны тәрбиелеудің барлық кезеңінде отбасын сүйемелдейтін кешенді қолдау жүйесі қалыптастырылған. Бүгінде балалары бар отбасыларға арналған бес негізгі жәрдемақы түрі қарастырылған.
Ұқсас жаңалықтар
Қазақстан ғылым мен бизнестің арасындағы алшақтықты қалай қысқартпақ?
- авторkyn.kz
- 12 маусым, 2026




