Саясат
Айдос Үкібай: Назарбаев қазір қарапайым зейнеткер, саясатпен айналыспайды
- автор kyn.kz
- Бүгін, 12:40
- 34
Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі уақытта саяси қызметке араласпайды. Бұл туралы оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай мәлімдеді, деп жазды KYN.KZ тілшісі.
Айдос Үкібайдың айтуынша, Назарбаевтың бүгінде «Аманат» партиясына ешқандай қатысы жоқ және партия ішінде болып жатқан өзгерістерге араласпайды.
«Нұрсұлтан Назарбаев қазір партия мүшесі емес. Сондықтан партия қызметіне немесе онда жүріп жатқан үдерістерге қатысы жоқ. Ол президенттік өкілеттігін 2019 жылы аяқтады», – деді Үкібай Азаттыққа берген пікірінде.
Сондай-ақ баспасөз хатшысы экс-президенттің зейнеткер ретінде саясаттан тыс өмір сүріп жатқанын атап өтті.
Еске салайық, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды шамамен 30 жыл басқарды. Ол 2019 жылы мемлекет басшысы қызметінен кеткенімен, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына дейін Қауіпсіздік кеңесін және сол кездегі «Нұр Отан», қазіргі «Аманат» партиясын басқарған болатын.




