Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Бала күтіміне байланысты демалысқа шығу: офицерлерге қатысты заңға өзгерістер енгізілмек

Бала күтіміне байланысты демалысқа шығу: офицерлерге қатысты заңға өзгерістер енгізілмек
Сурет: gov.kz
Кейінгі жылдары бала күтіміне байланысты демалысқа шығатын әскери ер адамдардың саны едәуір артқан.

Сенат кулуарында Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабеков офицер ретінде екі жылдық қызметке шақырылған әскери қызметшілер бала күтіміне байланысты демалыстан оралғаннан кейін қалған мерзімді өтеуге міндетті болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Мұстабековтың айтуынша, кейінгі жылдары бала күтіміне байланысты демалысқа шығатын әскери ер адамдардың саны едәуір артқан. Осыған байланысты демалыс кезінде әскери қызметшінің міндеттерін атқаратын адам табылмай жатады.

Мәселен, 2023 жылы 16 адам декреттік демалысқа шықса, 2024 жылы бұл сан 67-ге, ал 2025 жылы 95-ке жеткен. Биылғы жылдың басынан бері бұл құқықты 42 әскери қызметші пайдаланған.

Сондай-ақ Асқар Мұстабеков өзгерістер 24 ай мерзімге шақырылған әскери қызметшілерге қатысты екенін нақтылады.

"Мысалы, офицер 24 айға, яғни екі жылға шақырылды. Ол шамамен екі ай қызмет атқарып, рапорт жазып, бала күтіміне байланысты демалысқа шықты делік. 24 айдан кейін ол демалыстан оралады. Оның қызмет мерзімі аяқталады және ол қызметін өтеген болып саналады.

Жаңа заңға сәйкес, бала күтіміне байланысты демалыс кезеңінде оның қызмет өткеру мерзімі тоқтатылады. Демалыс аяқталғаннан кейін ол қызметін жалғастырады.

Мысалы, офицер алты ай қызмет атқарып, қалған 18 айда бала күтіміне байланысты демалыста болса, демалыстан оралғаннан кейін қалған сол 18 айды өтейді", - деп түсіндірді Асқар Мұстабеков.

Бұл ретте вице-министр жаңа ережелер бұрын осы құқықты пайдаланғандарға қатысты қолданылмайтынын жеткізді.

"Заңның кері күші жоқ. Бұл мерзімді қызметке, 24 айға шақырылғандарға қатысты. Олар – университетті, әскери кафедраны бітірген, әскери шен алған және екі жылдық қызметке офицер ретінде шақырылған офицерлер", - деп қорытындылады Қорғаныс министрінің орынбасары.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар