Қазақстан ғылым мен бизнестің арасындағы алшақтықты қалай қысқартпақ?
- автор kyn.kz
- Бүгін, 18:41
- 39
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек инновация мәселесі енді тек ғылым немесе цифрландыру саласының ғана емес, ел экономикасын жаңғыртудың маңызды құралына айналғанын атап өтті.
Көптеген жоба зертхана деңгейінен аса алмай отыр
Министрлік елдегі инновациялық белсенділікке ауқымды талдау жүргізген. Enbek.kz платформасы арқылы 6 мыңнан астам кәсіпорын зерттеліп, олардың арасынан инновациялық әлеуеті бар 1600-ден астам компания анықталған.
Бұл кәсіпорындарда шамамен 147 мың адам жұмыс істейді. Оның ішінде 29 мыңға жуық инженер, IT-маман және ғылыми қызметкер бар.
Алайда зерттеу нәтижесі маңызды мәселені көрсетті. Қазіргі инновациялық жобалардың басым бөлігі тәжірибелік немесе зертханалық кезеңде қалып, өндіріске жетпейді. Анықталған жобалардың шамамен 60 пайызы ғылыми зерттеу деңгейінен аса алмаған.
Әсіресе жасанды интеллект пен деректерді талдау бағытындағы жобалар көп болғанымен, олардың едәуір бөлігі әлі күнге дейін нарыққа шығарылмаған.
Ғылым мен нарық арасындағы «өлі аймақ»
Министрдің айтуынша, негізгі проблема – ғылыми идеяны коммерциялық өнімге айналдыру кезеңіндегі қиындықтар.
Қазіргі таңда мемлекет ғылыми зерттеулерді қаржыландырады, ал бизнес дайын өнімге инвестиция салуға мүдделі. Ал осы екі кезеңнің арасындағы ең күрделі саты жеткілікті қолдау таппай отыр.
Сондықтан министрлік тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру тетіктерін кеңейтіп, Ғылым қоры негізінде арнайы қорлар қорын құруды және QazInnovations қызметін барлық экономика салаларын қамтитындай қайта құрылымдауды ұсынып отыр.
Қазақстан неге инновациялық рейтингтерде төмендеп келеді?
Халықаралық бағалауларға сәйкес, Қазақстан инновациялық даму деңгейі бойынша әлемдегі 139 елдің ішінде 81-орында тұр.
Елде жоғары білім, цифрландыру және адами капитал көрсеткіштері салыстырмалы түрде жақсы болғанымен, бизнес тарапынан ғылыми зерттеулерге жұмсалатын қаржы көлемі, венчурлік инвестициялар және интеллектуалдық меншікті коммерцияландыру деңгейі төмен күйінде қалып отыр.
Министрлік өкілдерінің пікірінше, бүгінгі таңда елде қажетті инфрақұрылым қалыптасқанымен, экономика тарапынан инновацияларға сұраныс жеткіліксіз.
Horizon Europe бағдарламасына қосылу жоспары
Жаңа саясаттың маңызды бағыттарының бірі – Қазақстанның Еуропадағы ең ірі ғылыми-инновациялық бағдарлама саналатын Horizon Europe жобасына қосылуы.
Министрлік мұны тек қосымша қаржы тарту мүмкіндігі ретінде емес, ұлттық инновациялық жүйені жаңғыртудың құралы ретінде қарастырады.
Министрдің мәліметінше, 2028–2034 жылдарға арналған бағдарламаның бюджеті 200 миллиард еуродан асады. Бағдарламаға қатысу қазақстандық ғалымдарға халықаралық консорциумдармен жұмыс істеуге, ғылыми инфрақұрылымдарды пайдалануға және жаңа инвестициялық құралдарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Стартаптардан технологиялық экожүйеге көшу
Жаңа тәсіл бойынша енді жеке жобаларды қолдау емес, толық өндірістік тізбектерді дамытуға басымдық беріледі.
Бұл модельде ғылым, университеттер, кәсіпорындар мен өңірлер бірлесіп жұмыс істеуі тиіс. Әсіресе өңірлік жоғары оқу орындарына ерекше рөл жүктелмек.
Жоспар бойынша университеттер әкімдіктермен және кәсіпкерлермен бірге өңір экономикасына қажетті технологияларды анықтап, жаңа өндірістерді іске қосуға қатысады.
Бұл тәсіл Еуропалық одақта кеңінен қолданылатын smart specialization қағидатына негізделген. Яғни әрбір өңір өзінің бәсекелік артықшылықтарына сәйкес салаларды дамытуға назар аударады.
Ғылым экономика сұранысына қызмет етуі тиіс
Министр жаңа саясаттың басты ерекшелігі ғылымға деген көзқарастың өзгеруі екенін айтты.
Бұған дейін инновациялар ғылымның нәтижесі ретінде қарастырылса, енді ғылыми зерттеулердің өзі экономиканың нақты сұранысына бейімделуі керек.
Саясат Нұрбектің пікірінше, Қазақстан технологияны міндетті түрде нөлден ойлап табатын ел болуға ұмтылмауы қажет. Ең тиімді жол – шетелдік технологияларды игеру, жергіліктендіру және кейін өз әзірлемелерін жасау.
Министр бұл модельді «лицензия – игеру – жергіліктендіру – өз технологиясын әзірлеу» қағидатымен түсіндірді.
Нәтижеге бағытталған саясат
Жаңа модель аясында технология трансфері орталықтарын құру, технологиялық ваучерлер енгізу, академиялық артықшылық орталықтарын дамыту және университеттер жанындағы инновациялық компанияларды қолдау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар инновациялық жүйенің тиімділігі ғылыми мақалалар немесе зерттеулер санымен емес, өндірісте енгізілген технологиялармен, ашылған кәсіпорындармен және экспортқа шыққан өнімдермен бағаланатын болады.
Осылайша Қазақстан ғылымды қолдау саясатын экономикалық нәтиже беретін технологиялық экожүйе құру бағытына бұрмақ.



