“Ақбаянның мінез-құлқынан оғаштық байқалмады”: Сұлтан Сәрсемалиев пен оның әйелінің бұрынғы көршілері
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 15:25
- 46
Атырауда бір отбасының төрт мүшесін өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемалиев пен оның әйелі Аяқбаянның бұрынғы көршілері пікір білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
КТК телеарнасының Атырау облысындағы тілшісі Жанат Молдашеваға олар хабарласып, бұрынғы көршілері туралы айтты.
Бұрынғы көршісінің сөзінше, ерлі-зайыпты сырт көзге өте тыныш, жуас әрі қарапайым отбасы болып көрінген. Олар көпшілікпен артық араласпайтын, ешкіммен жанжалдасып, көзге түспейтін адамдар ретінде есте қалған.
“Біз 2023 жылы сол үйдің екінші жағын жалдап тұрдық. Сұлтан мен Ақбаян біздің көршіміз болды. Олар көшіп келгеннен кейін екі ай өткен соң, біз басқа жаққа кетіп қалдық. Қазіргі жаңалықтарды көріп, қатты қорқып отырмыз. Бізді бір Алла сақтап, уақытында көшіп кеткен екенбіз. Олар бізге өте жуас отбасы болып көрінген еді. Сұлтанның Наурыз есімді ағасы да келіп тұратын, оны да көріп жүрдік”, - деп жазған тұрғын.
Ол көршілерімен жақсы араласқанын айтқан.
“Иә, жақсы араластық. Жұма күндері бауырсақ, пирожки пісіріп, бізге әкеліп беретін. Бізден стол алып тұратын. Тоңазытқыштары болмай, біздің үйге еттерін салып жүрді. Ақбаянның мінез-құлқынан ешқандай оғаштық байқалмады, өте таза, үйін жинап, ақтап жүретін еді”, - дейді ол.
Сондай-ақ, Ақбаянның анасы келіп балаларына қарасқанын және ағасы Наурызды да жиі көрген.
“Сұлтан да өте жуас бала болатын. Тіпті жолдасым түнгі ауысымда жұмыс істегенде: «Екі кішкентай ұлым мен қызым үйде жалғыз қалады, Сұлтан, қарап қойшы», – деп оған сеніп тапсырып кететін. Ол кезде үй жалдау бағасы қолжетімді болған соң тұрдық. Кейін жолдары батпақ болғасын, 2023 жылдың жазында көшіп кеткен едік. Қазір ойлап отырсақ, «үндемейтін жуас адамнан қорқу керек» деген рас екен. Адамнан қорқатын заман болды ғой”, - деп жазды олар.




