Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Ақтөбе облысында мейрамханада 100-ден аса адам уланып қалды: полиция қылмыстық іс қозғады

Ақтөбе облысында мейрамханада 100-ден аса адам уланып қалды: полиция қылмыстық іс қозғады
Сурет: amiel.club
Мейрамханада тойдан кейін уланып қалған адамдардың саны артты.

Ақтөбе облысында тойдан кейін ауруханаға жатқызылғандар саны 113 адамға жетті. Олардың арасында 16 бала бар. Полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, ауруханаға жатқызылған пациенттердің жағдайы орташа ауыр дәрежеде.

"Аталған жағдайлар бойынша санитарлық-эпидемиологиялық қызметке шұғыл хабарламалар жіберіліп, бактериологиялық зерттеулер жүргізу үшін сынамалар алынды. Ауруханаға жатқызылған пациенттердің жағдайы орташа ауыр дәрежеде деп бағаланып отыр, науқастардың бір бөлігінде оң динамика мен жағдайының жақсаруы байқалады", – деп хабарлады Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Оқиғаның кейбір мән-жайын санитар дәрігерлер айтып берді. 

"Науқастар аталған мейрамханаға түрлі себептермен, соның ішінде салтанатты іс-шараларға, ас беру рәсімдеріне және басқа да көпшілік жиындарға қатысу үшін барған. Тексеру аясында мамандар барлық тағам өнімінен, сондай-ақ мейрамханадағы қоршаған орта нысандарынан сынамалар алып, зертханалық зерттеулерге жіберді. Мейрамхана қызметі мен оның қызметкерлері туралы ақпарат жүргізіліп жатқан тергеу амалдарының құпиялығына байланысты жарияланбайды", – деп хабарлады Ақтөбе облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.

Жаппай улану дерегі бойынша полиция Қылмыстық кодекстің 304-бабы (санитарлық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша соталды тергеуді бастады.

"Тергеу аясында оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес процестік шешім қабылданады", – деп хабарлады Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар