Алматы әкімі Қазақстан–Таиланд бизнес-форумына қатысты (Фото)
- автор kyn.kz
- Бүгін, 19:05
- 55
Іс-шара Қазақстан мен Таиланд арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту аясында ұйымдастырылды. Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен өзара іс-қимылды кеңейту Қазақстанның сыртқы экономикалық саясатының басым бағыттарының бірі саналады.

Құттықтау сөзінде Дархан Сатыбалды Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлемнің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерімен, соның ішінде Азия елдерімен байланысты нығайтудың маңызын бірнеше рет атап өткенін айтты.

«Бүгінде біздің алдымызда сауда қатынастарын дамыту ғана емес, сонымен қатар бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға, технология алмасуға және озық халықаралық тәжірибені тартуға қолайлы жағдай жасау міндеті тұр», – деді Алматы қаласының әкімі.
Дархан Сатыбалды форумға қатысушыларға Алматының экономикалық әлеуетін таныстырып, Таиланд компанияларымен ынтымақтастықтың мүмкіндікті бағыттарын атап өтті. Атап айтқанда, қалалық инфрақұрылымды дамыту, туризм, цифрлық технология, Smart City, өнеркәсіптік кооперация, логистика және тамақ өнеркәсібі салаларындағы әріптестікті кеңейтуге басымдық берілетінін жеткізді.

Қала әкімі Алматы Қазақстанның экономикасының елеулі бөлігін қалыптастыратын ең ірі экономикалық орталық екенін және шетелдік компаниялардың Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одақ нарығына шығуына мүмкіндік беретін маңызды алаң қызметін атқаратынын атап өтті.
Форум аясында Қазақстан мен Алматының инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылып, екі елдің бизнес өкілдері арасында іскерлік кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шараға девелопмент, цифрлық шешім, тамақ өндірісі, логистика және инновация саласында жұмыс істейтін Таиландтың жетекші компанияларының басшылары қатысты.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматы мен Таиланд арасындағы тауар айналымы 130 млн АҚШ долларына жетіп, 7,1 пайызға артты. Бүгінде Алматыда тай капиталы бар 24 кәсіпорын тіркелген.
Форум Қазақстан мен Таиланд арасындағы жаңа бірлескен жобаларды талқылауға және іскерлік байланысты одан әрі нығайтуға арналған тиімді диалог алаңына айналды.




