Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Ермұхамет Ертісбаев Қазақстан Халық партиясының төрағалығынан кетті

Ермұхамет Ертісбаев Қазақстан Халық партиясының төрағалығынан кетті
Қазақстан халық партиясының баспасөз қызметі
Ермұхамет Ертісбаев Қазақстан халық партиясының төрағасы қызметінен кетті. Онгың орнына Нұрсұлтан Шоқанов келді.

Астанада Қазақстан Халық партиясының кезектен тыс съезі өтті. Делегаттар партияның жаңа төрағасы етіп Нұрсұлтан Шоқановты сайлады.

Партияның бұрынғы төрағасы Ермұхамет Ертісбаев съезге қатысушылар алдында сөз сөйлеп, соңғы үш жылдағы жұмысты қорытындылады.

Ермұхамет Ертісбаевтың мәліметінше, фракция депутаттары VIII шақырылым басталғалы бері Үкіметтің атына азаматтардың ең өзекті мәселелерін арқау еткен 591 депутаттық сауал жолдаған. Осы аралықта Қазақстан Халық партиясының қатары 43 мыңнан астам мүдделеспен толықты.

Ертісбаев партия басшылығының ауысуына қатысты да пікірін білдірді.

Ол бұл жаңару - кез келген саяси ұйымның дамуындағы заңды кезең екенін, әсіресе жаңа Конституция қабылданғаннан кейін Қазақстанда жүріп жатқан ауқымды саяси өзгерістер жағдайында өте маңызды екенін шегелеп айтты.

Дауыс беру қорытындысы бойынша делегаттар Нұрсұлтан Шоқановты Қазақстан Халық партиясының төрағасы етіп сайлады.

Нұрсұлтан Шоқанов кім

Ол 1986 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын (КИМЭП) "Қаржы" мамандығы бойынша тәмамдаған, кейіннен Швейцариядағы IMD бизнес-мектебінде Executive MBA дәрежесін алған.

Еңбек жолын "Ernst & Young" халықаралық аудиторлық компаниясында бастаған. Одан кейін "Сандриллинг" мұнай сервистік компаниясында басқарушылық лауазымдарды атқарып, корпоративтік қаржы, әкімшілік басқару, компанияларды біріктіру және қосып алу (M&A) жобаларына, сондай-ақ дағдарысқа қарсы басқару жұмыстарына жауапты болды.

2009 жылдан бастап кәсіпкерлікпен айналысады. Қоғамдық тамақтану, тағам жеткізу, ритейл, ақпараттық технологиялар, өндіріс және дистрибуция салаларында жұмыс істейтін "OMIR Group" компаниялар тобының директорлар кеңесін басқарады. Бүгінде топқа қарасты кәсіпорындар Қазақстанның 6 қаласында және 4 шет мемлекетте қызмет көрсетеді.

2021 жылдан бастап Қазақстан Халық партиясынан Алматы қалалық мәслихатының VII және VIII шақырылымдарының депутаты болып сайланып, құрылыс, сәулет, қалалық инфрақұрылым, урбанистика және жер қатынастары мәселелері жөніндегі бейінді комиссияларды басқарды.

2022 жылдың желтоқсан айынан бастап Қазақстан Халық партиясының Алматы қалалық, кейіннен Алматы облыстық филиалдарына жетекшілік етті.

2023 жылы Алматы қаласының "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасын басқарды, кейіннен "Атамекен" Қазақстан Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқармасының мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары болып сайланды.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар