Атырау облысында қайын жұртын өлдірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке жаңа айыптар қосылды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 14:43
- 41
Атырау облысында бұрынғы әйелінің ата-анасы мен бауырларын өлтірді деген Сұлтан Сәрсемәлиевке адам өлтіру ісі бойынша жаңа айыптар тағылды. Енді оған әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу мен мал ұрлығы бойынша да қосымша баптар енгізілді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Атырау облысының мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі сотында 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиевтің ісі қаралып жатыр.
Оған қайын атасы Мақсот Қарабалинді, қайын енесі Нәсіп Өтешқалиеваны, сондай-ақ олардың балалары Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевті өлтірді деген айып тағылған.
30 маусым күні мемлекеттік айыптаушылар Сәрсемәлиевке тағылған айыптарды толықтырып, жаңа тармақтар енгізілгенін мәлімдеді. Судья Зарема Хамидуллина айыптау актісінің жаңа редакциясын оқып берді.
Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваны өлтіру эпизодына Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 13-тармағы (Басқа қылмысты жасыру мақсатында жасалған адам өлтіру) қосылды. Мирамгүл Қарабалинаны өлтіру бойынша 99-баптың 2-бөлігі 3 және 10-тармақтары енгізілді. Тергеу мәліметінше, Мирамгүл церебралды сал ауруымен (ДЦП) ауырған, көру қабілеті бойынша III топ мүгедектігі болған және дәрменсіз жағдайда болған. Сондай-ақ тергеу оның ата-анасы өлтірілгеннен кейін полицияға жүгінбек болғаны үшін өлтірілген деп есептейді.
Сонымен қатар Сәрсемәлиевке әлеуметтік төлемдер мен зейнетақыны заңсыз алғаны үшін алаяқтық айыбы тағылды. Оның әрекеті Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі 4-тармағы “Ақпараттық жүйе пайдаланушысын алдау арқылы жасалған алаяқтық” бойынша сараланды.
Бұған қоса, бұрын малды сатуға қатысты алаяқтық ретінде қаралған эпизод 188-1-баптың 1-бөлігі “Мал ұрлығы” бойынша қайта сараланды.



