Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Қандыағашта тойдан кейін 188 адам астан уланған: мейрамхананың тиісті рұқсатсыз жұмыс істегені белгілі болды

Қандыағашта тойдан кейін 188 адам астан уланған: мейрамхананың тиісті рұқсатсыз жұмыс істегені белгілі болды
Сурет: antennadaily.ru
Мейрамханада 188 адам астан уланып қалған.

Қандыағашта 188 адам жаппай уланған «Тұмар» мейрамханасы міндетті санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істегені анықталды. Бұл туралы Астанада өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Сархат Бейсенова мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, тексеру барысында санитариялық талаптардың өрескел бұзылғаны анықталған. Атап айтқанда, қоғамдық тамақтану орны рұқсат құжатынсыз жұмыс істеген. Сонымен қатар ғимараттың санитариялық жағдайы, азық-түлікті сақтау тәртібі, тағам дайындаудың технологиялық процесі және қызметкерлердің жеке бас гигиенасы талаптары сақталмаған.

Бұдан бөлек, мейрамхана қызметкерлері міндетті медициналық тексеруден өтпеген және олардың медициналық кітапшалары болмаған.

Зертханалық сараптама нәтижесінде тағам үлгілері мен қызметкерлерден алынған шайынды сынамалардан ішек инфекциясының қоздырғыштары анықталды.

Ішек инфекциясының белгілері бар алғашқы науқастар 19 маусым күні Мұғалжар аудандық ауруханасына түсе бастаған. Олардың барлығы «Тұмар» мейрамханасында өткен тойлар мен ас беру рәсімдеріне қатысқан.

Ресми мәліметке сәйкес, жаппай уланудан барлығы 188 адам, оның ішінде 14 жасқа дейінгі 15 бала зардап шекті.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта ауруханаларда 13 науқас ем қабылдап жатыр. Оның 12-сі Мұғалжар аудандық ауруханасында, ал бір науқас облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында емделуде.

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар