Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Алматыдағы бір ауданды су басу қаупі бар: тұрғындарды алдын ала эвакуациялау жарияланды

Алматыдағы бір ауданды су басу қаупі бар: тұрғындарды алдын ала эвакуациялау жарияланды
Сурет: видеодан скриншот
Наурызбай ауданындағы тұрғындарды эвакуациялау жарияланды.

Алматыда су басу және сел қаупіне байланысты Наурызбай ауданында тұрғындарды алдын ала эвакуациялау жарияланды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұған дейін алматылықтардың телефондарына «Ұлттық хабарландыру» жүйесі арқылы ескерту хабарламалары жіберілген болатын.

Оқиғаға қатысты ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі түсініктеме берді.

«Наурызбай ауданындағы сел қаупіне байланысты Ақсай өзенінің арнасы бойында тұратын тұрғындарды алдын ала эвакуациялау жүргізілуде. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында олар уақытша Наурызбай ауданындағы мектептер базасында ұйымдастырылған қабылдау пункттеріне орналастырылуда», – деп хабарлады ведомство.

Министрліктің мәліметінше, оқиға орнында жедел штаб құрылып, азаматтық қорғау қызметтері жұмыс істеуде.

«8 (727) 279-22-32 нөмірі бойынша жедел желі іске қосылды. Қазіргі уақытқа дейін 4 қоңырау келіп түсті. Барлық іс-шаралар жоспарлы түрде жүргізілуде, жағдай бақылауда», – деп хабарлады министрлік.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар