Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Құрылтай-2026 сайлауы: Бас прокуратура қазақстандықтарға ескерту жасады

Құрылтай-2026 сайлауы: Бас прокуратура қазақстандықтарға ескерту жасады
Сурет: depositphotos.com
Сайлау алдындағы жөнсіз үгіт жүргізуге тыйым салынады.

 

Бас прокуратура 23 тамызға белгіленген Құрылтай сайлауы қарсаңында қазақстандықтарға үндеу жасады. Қадағалау органы "Сайлау туралы" заңды бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертті, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.

Жоспарға сәйкес, 2-23 шілде аралығында партиялық тізімдерді ұсыну және тіркеу кезеңдері өтеді, ал 23 шілде сағат 18:01-ден бастап сайлау алдындағы үгіт-басталып, ол 22 тамыз сағат 00:00-ге дейін жалғасады.

Қадағалау органы сайлау заңнамасына сәйкес партиялық тізімді тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін қандай да бір сайлау алдындағы үгіт жүргізуге жол берілмейтінін ескертті. Осы талапты бұзу Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 102-бабы бойынша жауапкершілікке әкеп соғады.

Сондай-ақ сайлау алдындағы жөнсіз үгіт жүргізуге тыйым салынады.

"Сайлау тағайындалған кезден бастап кандидаттарға, партиялық тізімдерді ұсынған саяси партияларға, сонымен бірге олардың атынан немесе оларды қолдап кез келген жеке және заңды тұлғаларға ойын-сауық және спорттық іс-шараларды ұйымдастыруды қоспағанда, қайырымдылық іс-шараларын өткізуге тыйым салынатынын атап өткен маңызды. Кандидаттың, партиялық тізімді ұсынған саяси партияның, сондай-ақ олардың сенім білдірілген адамдарының жоғарыда көрсетілген талаптарды бұзуы кандидатты немесе партиялық тізімді тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға әкеп соғады", - деп түсіндірді Бас прокуратура өкілдері.

Жалған ақпаратты, құқыққа қайшы контентті орналастыру, тарату әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Бұған қоса қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.

Бас прокуратура сайлау процесіне қатысушылардың барлығын қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң сақтауға және құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеуге шақырады.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар