13 шілдеден бастап талапкерлер eGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы жоғары білім беру гранттары конкурсына қатысуға онлайн өтінім бере алады.
Өтінімдер 13 шілде сағат 09:00-ден 20 шілде сағат 18:00-ге дейін қабылданады.
Биыл грантқа өтінім беру қызметіне бірқатар жаңашылдық енгізілді. Енді жүйе талапкердің конкурстан тыс мемлекеттік білім беру грантына ие болған-болмағанын автоматты түрде тексереді. Бұл мәліметтер Ұлттық тестілеу орталығының ақпараттық жүйесі арқылы расталады.
Егер талапкерге конкурстан тыс грант бұрыннан тағайындалған болса, жүйе бұл туралы бірден хабарлайды және қайтадан өтінім беру қажет болмайды. Ал қалған талапкерлер өтінімді жалпы тәртіппен рәсімдейді. Жеңілдік санатына жататын азаматтардың мәртебесі де өтінім беру кезінде автоматты түрде анықталып, расталады.
eGov арқылы өтінім беру тәртібі
Грант конкурсына қатысу үшін:
* eGov.kz порталына кіріп, авторизациядан өтіңіз;
* «Азаматтарға» – «Білім» – «Жоғары білім» бөлімін таңдаңыз;
* «Білім беру гранттарын тағайындау…» қызметін ашыңыз;
* «Қызметті онлайнға тапсырыс беру» батырмасын басыңыз;
* қажетті ақпаратты толтырып, өтінімге электронды түрде қол қойыңыз;
* өтінімнің орындалу мәртебесін жеке кабинеттегі «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінен қадағалаңыз.
Дәл осындай тәртіп eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы да қолжетімді.
Электрондық кезек қалай жұмыс істейді?
Өтінім қабылдау кезеңінде порталға жүктеме артқан жағдайда электрондық кезек іске қосылуы мүмкін. Пайдаланушының кезегі келгенде жүйе қызметке автоматты түрде қол жеткізу мүмкіндігін береді.
Кезекте ұзақ күтпеу үшін SMS арқылы хабарлама алу қызметін қосуға болады. Хабарлама 1414 нөмірінен мобильді азаматтар базасында тіркелген телефон нөміріне жіберіледі. Егер нөмір базаға тіркелмесе, оны қолмен енгізуге мүмкіндік бар.
Мамандар кезекте тұрған кезде браузер бетін жаппауға және жаңартпауға кеңес береді. Әйтпесе, кезектегі орын жоғалуы мүмкін.
Өтінім сәтті жіберілгеннен кейін талапкердің жеке кабинетінде грант конкурсына қатысқаны туралы электрондық анықтама пайда болады.
Ал конкурс қорытындылары 10 тамыздан кешіктірілмей жарияланады. Жеңімпаздарға мемлекеттік білім беру грантын алғаны туралы электрондық сертификат жолданады. Ал грантқа ие болмаған талапкерлерге тиісті хабарлама жіберіледі.




