"Әскерде командирім зорлады": 23 жастағы астаналық жігіт жалған ақпарат айтқаны үшін сотталып кетті
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 15:52
- 462
Threads желісінде әскерде зорланғаны туралы жазба жариялаған 23 жастағы астаналыққа сот үкімі шықты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ол әлеуметтік желіде әдейі жалған ақпарат таратып, заңсыз жолмен ақша жинамақ болған.
ІІМ мәліметінше, осы жылдың ақпан айында ол анонимді түрде жариялаған жазбасында әскери қызмет кезінде өзіне жыныстық зорлық-зомбылық жасалғанын ойдан шығарып, өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, шетелге кету үшін қаржылай көмек сұраған. Жазбаға ақша аударуға арналған банк реквизиттерін де қоса көрсеткен.
«Әлеуметтік желіні пайдаланушылардың бірінің шағымынан кейін жүргізілген тексеру барысында жарияланған ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтіні анықталды. Сондай-ақ сотталған азаматтың ешқашан әскери қызмет өтемегені белгілі болды. Ақша жинау үшін ол мән-жайды білмейтін 17 жастағы танысының банк шотын пайдаланған. Екі күннің ішінде бұл шотқа 15-тен астам ақша аударымы түскен. Тергеп-тексеру барысында күдікті жалған ақпаратты тек ақша табу мақсатында жариялағанын мойындады», – делінген хабарламада.




