Қазақстанда сайлауалды үгіт-насихат кезеңі басталады: Бас прокуратура үндеу жасады
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 15:41
- 9
23 шілде сағат 18:01-ден бастап Қазақстанда сайлауалды үгіт-насихат кезеңі басталады, ол 22 тамызға дейін жалғасады. Бас прокуратура науқан ережелерін еске салды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
"Партиялық тізімдерді тіркеу кезеңінің аяқталуына байланысты бүгін, 2026 жылғы 23 шілде 18 сағат 01 минуттан бастап 2026 жылғы 22 тамыз 00 сағат 00 минутқа дейін жалғасатын сайлау алдындағы үгіт жүргізу басталады", - делінген ведомство үндеуінде.
Үндеуде мемлекет азаматтарға, қоғамдық бірлестіктерге белгілі бір кандидатты, саяси партияны қолдап немесе оған қарсы кедергісіз сайлау алдындағы үгіт жүргізу құқығына кепілдік беретіні айтылған.
Үгіт БАҚ және онлайн-платформалар арқылы, сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізу және үгіт материалдарын тарату жолымен жүзеге асырылады.
"БАҚ кандидаттардың, саяси партиялардың сайлау науқанын, олардың сайлау алдындағы іс-шараларының мақсаттарын, міндеттері мен нәтижелерін, сондай-ақ олармен байланысты оқиғалар мен фактілерді бұрмаламай, объективті түрде жариялауға міндетті.
Сонымен қатар БАҚ және онлайн-платформаларды пайдаланушылар кандидаттың немесе саяси партияның абыройына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне көрнеу нұқсан келтіретіні анық үгіт материалдарын және өзге де ақпаратты жариялаудан тартынуға міндетті.
Осы талаптар сақталмаған жағдайда, сондай-ақ көрсетілген адамдарға ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау мақсатында теріске шығаруды тегін жариялау мүмкіндігін беруден бас тартқан жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 112-бабының 1 және 2-бөліктеріне сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделген (айыппұл 20-дан 50 АЕК-ке дейін)", - делінген үндеуде.
Бас прокуратураның мәліметінше, партиялық тізімдерді ұсынған кандидаттар мен саяси партияларға сайлау алдындағы үгiт жүргізу үшін БАҚ тең қол жеткізу жағдайлары қамтамасыз етіледі.
"БАҚ бір саяси партияның үгіт материалдарын шарттық негізде орналастыруына келісім беруі партиялық тізімдерді ұсынған басқа саяси партиялардың да үгіт материалдарын орналастыруына келісім берген болып есептеледі.
Егер БАҚ осы талапты бұзса, онда бұл Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 112-бабының 4 және 6-бөліктеріне сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады (айыппұл 20-дан 50 АЕК-ке дейін).
Шарттық негізде үгіт материалдарын орналастыру жөніндегі қызметтерді көрсететін БАҚ және онлайн-платформаларды пайдаланушылардың назарына аударамыз, олар үгіт басталғанға дейін кемінде 5 күн бұрын Орталық сайлау комиссиясына орналастыру құны мен шарттары туралы мәліметтерді ұсынуы қажет.
Үгіт материалдарын Орталық сайлау комиссиясы көрсетілген мәліметтерді жариялағаннан кейін ғана орналастыруға болады.
Көрсетілген талаптарды сақтамаған жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 112-бабының 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделген (айыппұл 30-дан 50 АЕК-ке дейін)", - делінген ведомство үндеуінде.
Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары кандидаттарға сайлаушылармен кездесулер өткізу үшін шарттық негізде үй-жайлар береді. Олар бірыңғай және тең жағдайларда ұсынылуға тиіс. Осы талаптарды бұзу Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 123-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады (айыппұл 30 АЕК).
"Үгіт материалдарына қатыстыолардың құрамында осы материалдарды шығарған ұйым туралы (баспа материалдары бойынша – басылған орны мен таралымы туралы), тапсырыс берген адамдар және қандай қаражат есебінен төленгені туралы мәліметтер болуы тиіс екенін ескеру қажет.
Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде үгіт материалдарын дайындауға, жасырын (анонимді) үгіт материалдарын таратуға, сондай-ақ ағымдағы сайлау науқаны үшін дайындалмаған үгіт материалдарын пайдалануға тыйым салынады.
Онлайн-платформаларға қатысты бұл талаптар онлайн-платформаларды пайдаланушылар үгіт материалдарын шарттық негізде дайындаған жағдайда қолданылады.
Осы талаптарды бұзу Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 113-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады (айыппұл 25 АЕК)", - деп ескертті ведомство.


