Денсаулық сақтау министрлігі елдегі барлық перзентханаларға тексеру жұмыстарын жүргізеді
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 14:29
- 36
Қазақстанда босандыру қызметін көрсететін барлық 69 ұйым тексеріледі. Тексеру жұмыстары 15 тамызға дейін аяқталады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, тексеруді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жүргізеді.
"Инфекциялық бақылау жүйесінің басты міндеті – салдармен күресу емес, тәуекелдердің алдын алу. Инфекцияның әрбір жағдайы кәсіби тұрғыдан жан-жақты талданып, пациенттердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған нақты шешімдер қабылдауға негіз болуы тиіс", - деді хабарламада денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Министр мыналарды тапсырды:
- инфекция жағдайларын тергеудің қолданыстағы тәсілдерін қайта қарау;
- санитариялық қағидалар мен мемлекеттік бақылаудың тексеру парақтарын профилактикаға басымдық бере отырып өзектендіру;
- еліміздегі инфекциялық бақылау жүйесінің тиімділігін арттыру үшін әрбір жағдайдың (ауруханаішілік инфекцияның - ред. ескертпесі) туындау себептеріне объективті баға беру.
Өңірлердегі денсаулық сақтау басқармалары мыналарды орындауы тиіс:
- медициналық ұйымдарды дезинфекциялау мен стерилизациялауға қажетті барлық құралмен қамтамасыз ету;
- жеке қорғаныс құралдарымен жабдықтау;
- заманауи жабдықтармен және бір реттік шығын материалдарымен қамту;
- медицина қызметкерлері үшін инфекциялық бақылау мәселелері бойынша жүйелі оқытуды ұйымдастыру.
Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы мәліметінше, 2024 жылы Қазақстанда 354 085 бала дүниеге келген.
Бұл ретте босанғаннан кейін медициналық көмек көрсетуге байланысты инфекцияның 85 жағдайы тіркелген:
- эндометриттер (60 жағдай),
- ота жасалған жердегі іріңді-септикалық инфекциялар (12 жағдай);
- сепсис (4 жағдай);
- іріңді-септикалық инфекциялардың басқа түрлері (4 жағдай);
- босанғаннан кейінгі жара орнындағы іріңді-септикалық инфекциялар (3 жағдай);
- перитонит (2 жағдай).
- Инфекциялардың туындау себептері:
- • асептика және антисептика ережелерін сақтамау - 16 жағдай;
• медицина қызметкерлерінің қолды өңдеу ережелерін бұзуы - 13 жағдай;
• дезинфекциялық және стерилизациялық режимді бұзу - 12 жағдай;
• басқа да себептер - 44 жағдай.




