Аптап ыстыққа байланысты қызметкер қашықтан жұмыс істеуге немесе уақытын өзгертуге бола ма?
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 14:54
- 34
Еңбек министрлігі аптап ыстыққа байланысты қазақстандықтардың қашықтан жұмыс істеуге немесе кесте уақытын ауыстыру мүмкіндігін түсіндірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Жұмыс берушілер аптап ыстыққа байланысты қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеуге ауыстыруға міндетті емес. Бұл мәселе тараптардың келісімі бойынша белгіленуі мүмкін.
Бірақ қызметкер уақытша қашықтан жұмыс істеуді сұрай алады. Қашықтан жұмыс істеу кезінде қызметкер жұмыс уақытында байланыста болуы тиіс.
Жұмыс беруші мен қызметкер икемді жұмыс кестесіне байланысты келісімге келе алады. Мысалы, күннің ең ыстық уақытында жұмыс істемеу үшін жұмыс күнін ертерек бастауға болады.
Мұндай режимнің шарттары еңбек шартында немесе жұмыс берушінің ішкі актісінде бекітіледі.
Аптап ыстықта далада еңбек ететін жұмысшыларға салқындау және демалу үшін арнайы үзіліс берілуі тиіс.
Бұл үзіліс жұмыс уақытына кіреді. Сондай-ақ жұмыс беруші қызметкерлердің демалып, салқындауына арналған орынды жабдықтауы қажет.
Егер жұмыс жағдайлары өмірге немесе денсаулыққа қауіп төндірсе, қызметкер жұмысты орындаудан бас тартуға құқылы. Бұл туралы дереу басшыға немесе жұмыс берушінің өкіліне хабарлау қажет.
Ереже бұзылған жағдайда қызметкер еңбек инспекциясына жүгіне алады. Инспектор заңбұзушылықтарды жоюды талап етуге және жұмыс берушіні әкімшілік жауапкершілікке тартуға құқылы.



