Іс материалдарына сәйкес, оқиға биыл көктемде болған. Мас күйде болған ер адам “Чат-рулетка” қосымшасына кіріп, кездейсоқ пайдаланушылармен сөйлескен. Сол сәтте эфирге кішкентай бала қосылып, өзі туралы әңгімелей бастаған. Мұны дұрыс емес деп санаған ер адам алдымен 112 қызметіне хабарласқан. Алайда қоңырауына ешкім жауап бермеген соң, полицияға телефон шалған.
Қоңырауға жауап берген оператордан ол 112 қызметінің не себепті жауап бермей жатқанын сұраған. Оператор бұл туралы ақпараты жоқ екенін айтқан. Осыдан кейін ер адам өзін басшылықпен қосуды талап еткен. Қызметкер мұндай мүмкіндік қарастырылмағанын түсіндіріп, қоңыраудың мән-жайын және полиция көмегі қажет пе екенін нақтыламақ болған. Алайда ер адам оның атына әдепсіз әрі балағат сөздер айта бастаған.
Сотта жәбірленуші болған оқиға өзіне ауыр тигенін айтты. Оның сөзінше, балағатқа толы әңгімеден кейін өзін қорланған сезініп, көзіне жас алған. Кейін айыпталушы кешірім сұраған. Жәбірленуші кешірімді қабылдағанымен, оған қандай жаза тағайындауды соттың қарауына қалдырған.
Сот барысында жүргізілген психологиялық-филологиялық сараптама ер адамның сөздерінде полиция қызметкерінің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын, әдепсіз сипаттағы сөздер болғанын растаған.
Айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін жеткізді. Ол оқиға кезінде мас болғандықтан өз әрекетіне толық есеп бере алмағанын айтып, заңда көзделген жазаны өтеуге дайын екенін мәлімдеген.
Сот шешімімен ер адам 30 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды. Егер ол бұл міндеттен жалтарса, өтелмеген әр төрт сағат қоғамдық жұмыс бір тәулік қамауға алу жазасымен ауыстырылуы мүмкін. Сонымен қатар одан Жәбірленушілерге өтемақы қорына 21 625 теңге көлемінде міндетті төлем өндірілді.


