"Шампур оған кіріп кетті": мектеп бітіру кешінде сыныптасын өлтіріп қойған жасөспірім оқиға туралы айтып берді
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 13:15
- 53
Алматы облысында мектеп бітіру кешінде сыныптасы Әлібидің өліміне кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған жасөспірім сол түн мен қамаудағы өмірі туралы айтып берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Turkistan TV-ға берген сұхбатында соңғы қоңыраудан кейін түлектер көлік жалдап, кортежбен жүрген. Одан кейін коттедж үй жалдап, мектеп бітіру кешін атап өткен.
“Таңғы тоғыздар шамасында үйден шығып, мектепке бардық. Онда соңғы қоңырау өтті. Кейін барлық түлек жиналып, көлік жалдап, кортежбен жүрдік. Үй жалдап, тойладық. Ішімдік іштік”, – деді ол.
Сотталушының айтуынша, кеш барысында бұрынғы мектеп бітірушілері келген. Сөйтіп араларында жанжал шыққан.
“Алдымен басқалар арғы жақта ерегісіп жатқан еді. Кейін өз арамызда да жанжал басталды. Жанымда досым болды, сол қайтыс болған жігіт. Ол мені ажыратып жүрген еді. Сол кезде шампур оған кіріп кетті”, – деді жасөспірім.
Марқұм Әлібимен ол бесінші сыныптан бері бірге оқығанын жеткізді. Қамауға алғаш түскен кезде қатты қорқыныш сезінген.
“Алғаш түскен кезде жүрегім қатты соғып, кеудем қысылатын. Қатты қорқатынмын. Үш-төрт айдан кейін ол сезім басылды. Алғашында есік ашылса болды, оянып кететін едік. Қазір бәрі басылды”, – деді сотталушы.
Сұхбат барысында ол анасымен видеоқоңырау арқылы сөйлесіп, отбасын сағынғанын және араларына қосылуды тілеп жүргенін жеткізді.



