"Оны Халық қаһарманы қылып отыр": Ақтөбеде жылқышыны соттатып жіберген кәсіпкер мәлімдеме жасады (ВИДЕО)
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 14:18
- 21
Ақтөбеде 100 жылқыны ұрлады деген айыппен істі болып, кейін ақталып шыққан 60 жастағы жылқышы Рахат Сәрсеновтің отбасына жаңа баспана сыйға тартылды. Алайда бұл қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бірақ қарияны сотқа берген бұрынғы жұмыс берушісі, шаруашылық иесі Тәжіғали Елеуов журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында: «Ол — менің ақшама алынған үй» деп мәлімдеді. Көпшілік оны сынға алып жағымсыз пікірлер жаза бастады.
Кәсіпкер Тәжіғали Елеуов өзіне айтылған сындарға жауап берді.
«Мал шаруашылығымен айналысуды бастаған кезде Рахат Сәрсеновті жұмысқа алдым. Әрине көп нәрсе өтті. Мен оның арағына 5-6 бас жоғалтқан жылқыларына мән бермедім. Ал соңғысы дәлелмен ұсталып, жазаланған болатын. Бірақ ол құрылған топ бір-бірін айыптап, Сәрсенов Рахат құтылып кетті. Қазіргі кезде өзімнен ұрлаған малды талап еткенім заңды деп санаймын. Бұған дәлел сот үкімі. Сәрсенов Рахат қылмыскер деп растаған. Бірақ айыптан құтылу үшін кешеден бері адамдар Сәрсенов толық ақталып шықты деп, оны Халық қаһарманы қылып шығарып отыр», - деп айтты ол видеода.
Сондай-ақ, кәсіпкердің қызы әкесіне, отбасы мүшелеріне және балаларына бағытталған қорлау мен өшпенділік сөздердің ауыр тиіп жатқанын айтып, халықты екі тараптың да уәжін тыңдап, асығыс қорытынды жасамауға шақырды.
Еске салайық, бұған дейін апелляциялық сот Рахат Сәрсеновті «100 жылқы ұрлады» деген айып бойынша толық ақтаған. Алайда бұрынғы жұмыс берушісі қарияны мал ұрлады деп есептейді. Сонымен қатар, тараптар арасындағы 10 миллион теңгелік қарыз дауы мен үйдің кепілде тұруына қатысты сот процестері әлі жалғасып жатыр.


