«Қазақмыс» соңғы жылдардағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірін іске қосты
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 16:39
- 24
"Қазақмыс корпорациясының" қолдауымен ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі Қарағанды облысындағы "Нұрқазған" кен орнының Шығыс учаскесінде "Ауа жеткізуші-клет-2" шахта оқпанының құрылысы басталды. Жобаға салынатын инвестиция көлемі 32,5 миллиард теңгеден асады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Корпорацияның мәліметінше, жаңа оқпанның жобалық тереңдігі 1 283,9 метрді құрайды. Бұл оны Қазақстандағы ең терең шахта оқпанына айналдырады. Оның құрылысы кен орнының Шығыс учаскесін игерудегі негізгі кезеңдердің бірі болып, «Қазақмыс» тобының ірі тау-кен кәсіпорындарының бірінің одан әрі дамуын қамтамасыз етеді.
Құрылыс жұмыстарының басталуына арналған салтанатты рәсімге «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков, Басқарма төрағасының орынбасары – тау-кен өндірісі және байыту жөніндегі бас операциялық директор Мұқан Үңгітбаев, бейінді бөлімшелердің басшылары, «Нұрқазған» кенішінің және мердігер ұйымның өкілдері қатысты.
«Бүгін біз «Нұрқазған» кенішінің алдағы ондаған жылдағы дамуына негіз болатын жобаны бастаймыз. Бұл – өндірісті дамытуға ғана емес, адамдардың қауіпсіздігіне, заманауи технологияларға және компанияның болашағына салынған инвестиция. Жобаны іске асыру кәсіпорынның сенімді жұмысын қамтамасыз етіп, кен орнының жаңа қорларын игеруге мүмкіндік береді», – деді «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков.
Компанияның мәліметінше, жаңа шахта оқпаны жерасты қазбаларына таза ауа жеткізуді, қызметкерлер мен жабдықтарды қауіпсіз тасымалдауды, сондай-ақ кен орнының Шығыс учаскесіндегі жаңа кен қорларына қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Құрылыс барысында 65 мың текше метрден астам тау жынысы шығарылып, шахтаның қолданыстағы көкжиектерімен тоғыз түйісу торабы салынады.
Оқпанды қазу жұмыстарын 2031 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Одан кейін технологиялық жабдықтарды орнату кезеңі басталады. Оның аясында торлы көтергіш жүйесі монтаждалып, негізгі желдеткіш қондырғысы мен жерасты қазбаларына берілетін ауаны жылытуға арналған модульдік жылу-энергетикалық қазандық салынады.
Шығыс учаскені дамыту жұмыстары «Желдеткіш-2» атты екінші шахта оқпанын салумен жалғасады. Компания бұл жобаны 2027 жылы бастауды жоспарлап отыр. Құрылыс аяқталғаннан кейін ол пайдаланылған желдету ағынын шығаруды, шахтадан резервтік шығу жолын және кен қабаттарын қосымша ашуды қамтамасыз етеді. Екі оқпан бірігіп, Шығыс учаскені тиімді әрі қауіпсіз игеруге қажетті заманауи инфрақұрылымды қалыптастырады.
«Нұрқазған» кен орны «Қазақмыс» тобының негізгі активтерінің бірі болып табылады. Мыс, алтын және күмістің расталған қорлары тау-кен байыту кешенінің 40 жылдан астам тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Холдинг өкілдерінің айтуынша, жаңа жобаның іске асырылуы кәсіпорынның одан әрі дамуына және компанияның шикізаттық базасын нығайтуға берік негіз қалайды.



