Экс-депутат Бақытжан Базарбек “адам қағып кетті” деген айыптаулардан соң мәлімдеме жасады
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 15:17
- 34
Бұрынғы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек өзіне қатысты “адам қағып кетті” деген айыптаулардан соң мәлімдеме жасады. Ол желідегі парақшасында жазып, зардап шеккен азаматтың сауығып кетуін тіледі, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Базарбек оқиғаға қатысты көп мәлімет бере алмайтынын жеткізді. Өйткені сотқа дейінгі тергеу аясында ол және жұбайы ақпаратты жария етпеу туралы құжатқа қол қойған.
«Тергеу жалғасып жатыр. Қазір қажетті сараптамалардың жүргізілуі күтілуде. Тергеу органдары заңға сәйкес болған оқиғаның барлық мән-жайына объективті әрі әділ баға беретініне сенімдімін», — делінген жарияланымда.
Сондай-ақ экс-депутат қазіргі таңда өзі үшін ең маңыздысы — зардап шеккен адамның жақындары мен туыстарының қасында болып, оларға қажетті көмек көрсету екенін атап өтті.
«Біз бірнеше күн бойы іс жүзінде ұйықтамай, оның туыстарымен бірге сауығып кетуін тілеп, дұға етіп отырмыз. Аудандық аурухананың барлық дәрігерлеріне, сондай-ақ көрсетілген шұғыл медициналық көмек үшін Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасына ерекше алғысымды білдіремін», — деп жазды ол.
Әлеуметтік желілердегі түрлі нұсқалар мен болжамдарға қатысты Базарбек асығыс қорытынды жасамауға және тек ресми ақпарат пен тергеу нәтижелеріне сенуге шақырды.
Сондай-ақ экс-депутат «біз үшін алаңдап, қолдау көрсетіп, осы қиын күндері көмектесіп жатқан» баршаға алғысын білдірді.



