Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Құлағы мен мұрнынан қан фонтанша атқылады»: марқұм Ұлдана Мырзуанның әріптесі сотта жылап жіберді

«Құлағы мен мұрнынан қан фонтанша атқылады»: марқұм Ұлдана Мырзуанның әріптесі сотта жылап жіберді
Сурет: Сот трансляциясынан кадр
Астанада 23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты кезекті сот процесі өтіп жатыр.

Бүгін фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысында куәгерлердің айғақтары тыңдала бастады. Сотта оның әріптесі Ділназ Байзақова куәлік берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Байзақова 2025 жылғы 8 қарашада Ұлданамен бірге 72-бригада құрамында кезекшілікте болған

«Сол күні демалыстан шығып, Ұлданамен бірге кезекшілікке шықтым. Таңертең бірінші шақыртуға бардық. Кейін станцияға қайтып келіп, таңғы ас іштік. Содан кейін Ұлдана жедел шақырту түскенін, қабырға құлағанын айтты», - деді әріптесі.

Айтуынша, үйінді арасында әйел мен ер адам жатқан. Фельдшерлер оларды сүйеп, дүкен ішіне шығаруға тырысқан. Олар жақындаудың қауіпті екенін түсінген, бірақ оқиға орнында болған тұрғындар олардан зардап шеккендерге көмектесуді талап еткен.

«Бір кезде біздің үстімізге бір нәрсе құлады. Ауырғанынан кірпіш деп топшыладым. Тұрсам, Ұлдана етпетінен жатыр екен. Оны көтерген кезде құлағы мен мұрнынан қан фонтанша атқылап жатты. Артымыздан келген бригада Ұлдананы алып кетті, мен өзім қалып, жарақат алғандарға көмектесуге тырыстым», - деді ол.

Оқиға орнында ол да жарақат алған. Кейін есінен танып қалған. Дәрігерлер оған ми шайқалуы, жабық бас-ми жарақаты және амнезия диагнозын қойған.

Еске салсақ, Ұлдана Мырзуан ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмған. 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы қаптамасы құлап, бірнеше адам үйінді астында қалған.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар