Үсік, жаңбыр мен қар: 2 қыркүйекте Қазақстанда ауа райы күрт құбылады
- автор kyn.kz
- Бүгін, 08:15
- 2
Бүгін, 2 қыркүйекте Қазақстанның бірқатар өңірінде күн салқындап, жаңбыр мен найзағай күтіледі. Кей аймақтарда түнде жаңбыр қарға ұласып, үсік жүруі мүмкін. Ал елдің батысы мен оңтүстігінде жылы әрі жауын-шашынсыз ауа райы сақталады, деп хабарлайды KYN.KZ.
«Қазгидромет» мәліметінше, атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты еліміздің солтүстік-батысында, солтүстігінде, шығысында және оңтүстік-шығысында жаңбыр жауады. Күндіз найзағай ойнап, кей жерлерде бұршақ түсуі ықтимал.
Түнде Қазақстанның солтүстік-шығысында, шығысында, орталық бөлігінде және оңтүстік-шығыстағы таулы аудандарда жауын-шашын жаңбыр мен қар түрінде түсуі мүмкін. Ал батыс және оңтүстік өңірлер антициклон ықпалында болғандықтан, негізінен жауын-шашынсыз болады.
Астанада үсік жүреді
Елордада күн құбылмалы болғанымен, жауын-шашын күтілмейді. Түнде ауа температурасы +1…+3°C-қа дейін төмендеп, топырақ бетінде 1 градус үсік болуы мүмкін. Күндіз +16…+18°C шамасында болады.
Алматыда жаңбыр мен найзағай
Алматыда күздің алғашқы күндері жауын-шашынды болып тұр. 2 қыркүйекте қалада жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнде +11…+13°C, күндіз +22…+24°C шамасында болады. Желдің екпіні кей уақытта 15 м/с-қа жетуі мүмкін. (kazhydromet.kz)
Ал Алматы облысының таулы аудандарында жағдай күрделірек: түнде жаңбыр мен сулы қар жауып, тұман түсуі ықтимал. Тауда ауа температурасы -2…+3°C-қа дейін төмендейді.
Шымкентте жазғы жылу сақталады
Шымкентте жауын-шашын күтілмейді. Күндіз ауа температурасы +28…+30°C шамасында болады. Алайда жел күшейіп, екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Жалпы, қыркүйектің алғашқы күндері Қазақстанда температура айырмашылығы айтарлықтай сезіледі. Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде күзгі салқын ауа райы орнықса, батыс пен оңтүстікте күн жылы болады.
Синоптиктердің айлық болжамына сәйкес, қыркүйектің алғашқы онкүндігінде еліміздің солтүстігі, орталығы мен шығысында түнгі температура кей жерлерде 0°C шамасына дейін төмендеп, топырақ бетінде 1–3 градус үсік болуы мүмкін. Кейін күн қайта жылына бастайды.



