Аралда учаскелік инспектор қаза тапты: күдікті полицейге бұрыннан таныс болған
- автор kyn.kz
- Бүгін, 08:59
- 1
Күдікті ретінде полицей бұған дейін тұрмыстық құқық бұзушылықтары үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартқан ер адам қарастырылып отыр, деп хабарлайды KYN.KZ.
1 қыркүйек күні таңертең әлеуметтік желілерде Арал ауданындағы жеке үйлердің бірінің ауласынан 1988 жылы туған полиция қызметкерінің денесі табылғаны туралы ақпарат тарады. Алдын ала мәліметтерде оның денесінен зорлық-зомбылық белгілері анықталғаны айтылды.
Қызылорда облысының Полиция департаменті қызметкердің қаза болғанын растады.
«Арал ауданында тұрмыстық жанжал кезінде учаскелік полиция инспекторына дене жарақаты салынған. Салдарынан ол қайтыс болды. Оқиға болған уақытта полиция қызметкері еңбек демалысында жүрген», – деп мәлімдеді ведомство.
Полиция мәліметінше, күдіктінің кім екені анықталған. Құқық қорғау органдары оны ұстауға бағытталған шаралар жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Белгілі болғандай, күдікті марқұм полицейге бұрыннан таныс болған. Учаскелік инспектор оны тұрмыстық құқық бұзушылықтары үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Сондай-ақ ер адамға қатысты бұған дейін қорғау нұсқамалары шығарылған.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның нақты мән-жайы анықталуда.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысының таулы аймағынан полиция қызметкерінің өртенген денесі табылған еді. Аталған қылмысқа қатысы бар деген күдікпен оның әйелі мен ұлы ұсталған болатын.



