Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Артық салмақтан арыламын деп ота кезінде көз жұмды: 35 жастағы марқұмның жесірі істің созылып кеткенін айтады

Артық салмақтан арыламын деп ота кезінде көз жұмды: 35 жастағы марқұмның жесірі істің созылып кеткенін айтады
Сурет: видеодан скриншот
35 жастағы қарағандылық артық салмақтан арылу үшін ота жасатқан.

2025 жылдың қаңтарында бариатриялық операция кезінде көз жұмған 35 жастағы қарағандылық Вячеслав Ермоловтың өліміне қатысты қылмыстық іс әлі сотқа жолданбаған. Марқұмның туыстары бірнеше сараптама дәрігерлердің әрекеті мен өлім арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс барын көрсеткенін айтып, тергеудің созылып кеткеніне наразы, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі “Еуразия бірінші” телеарнасына сілтеме жасап.

Марқұмның жесірі Кристина Ермолова істің созылып кеткенін айтады.

"Бір емес, бірнеше комиссия болды. Қазірдің өзінде қағаз жүзінде клиниканың кінәлі екені жазылған. Бұл мәселе неге шешілмей жатқанын түсінбеймін. Неге бәріне бәрібір?" – деді марқұмның жесірі Кристина Ермолова.

Кристина Ермолова күйеуін 2025 жылдың қаңтарында жерледі. 35 жастағы ер адам жеке клиникаға бариатриялық операция жасатуға барған. Оның салмағы 185 келі болған. Ол өмірін өзгерткісі келгенімен, үйіне оралмады, операция үстелінде көз жұмды.

Мәйітті ашу кезінде дұрыс интубация жасалмағаны анықталған. Соның салдарынан гипоксия мен ми ісінуі болып, бұл науқастың өліміне әкелген. Ол кезде тексеруді Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті жүргізген.

"Жоспарлы хирургиялық көмек көрсету кезінде бірқатар заңбұзушылық анықталды: пациент толық тексерілмеген, қажетті мамандардың толық консультациясы қамтамасыз етілмеген. Сондай-ақ анестезиолог-реаниматологтардың қателігі анықталды. Хирургте "жалпы хирургия" мамандығы бойынша сертификат болғанымен, "бариатриялық және метаболикалық хирургия" мамандығы бойынша сертификаты болмағаны анықталды", – деп атап өтті медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті.

Күйеуі қайтыс болғаннан кейін Кристина болған жағдайдың мән-жайын өзі зерттей бастаған. Оның айтуынша, Вячеславқа операция жасаған дәрігер қажетті сертификатты кейін алған және қазір басқа клиникада жұмыс істейді. Іс бойынша мәйітті эксгумациялау жүргізіліп, қайталама сараптамалар тағайындалған. Маусым айының ортасында негізгі сараптама қорытындысы дайын болған.

"Қорытындыда бәрі анық көрсетілген. Екі дәрігердің тегі және дәрігерлердің әрекеті мен Ермоловтың өлімі арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс бары көрсетілген. Азамат Ермоловқа наркоз берілмей тұрып-ақ, операция алдында және операция үстелінде оның денсаулығында ақау болғанын көрсететін белгілер байқалғаны туралы дәлелдер алынған", – деді отбасының адвокаты Татьяна Рыбалкина.

Мұндай қорытындыдан кейін тергеу аяқталуға жақын қалуы тиіс еді. Алайда іс әлі күнге дейін сотқа жолданбаған.

"Әрекеттері мен өлім арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс анықталған дәрігерлер осы уақытқа дейін қорғауға құқығы бар куәгер мәртебесінде жүр. Олар, менің ойымша, заңсыз медициналық қызмет көрсетуді жалғастырып жатыр", – деді адвокат Татьяна Рыбалкина.

Полиция өкілдері соталды тергеу жалғасып жатқанын хабарлады.

"Факт бойынша Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігі – медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу аяқталғаннан кейін қылмыстық іс сотқа жолданады", – деп мәлімдеді Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Алайда полиция нақты мерзімдерді атамады. Ал 2027 жылдың қаңтарында бұл іс бойынша ескіру мерзімі аяқталады. Вячеславтың отбасы үшін бұл – жақын адамының өліміне кім жауап беретіні туралы басты сұраққа жауап күтумен өткен екі жылға жуық уақыт.

"Қиналып, жылап, ашуланып отырмыз. Екі жылға жуық уақыт өтті, бірақ әлі күнге дейін ешқандай шешім жоқ. Бәрі үнсіз. Іс бірде тоқтатылады, бірде қайта жандандырылады. Кінәлілердің бәрібір жазаланғанын қалаймыз", – деді Кристина Ермолова.

Қазір отбасының адвокаты Бас прокуратураға және басқа да ведомстволарға шағымдар дайындап жатыр. Вячеславтың туыстары тергеу нақты шешіммен аяқталып, істің сотқа жетуін күтіп отыр.

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар