"Мұғалім ата-аналардың хабарламасына кешкі уақытта да жауап беруге міндетті ме?": Оқу-ағарту министрі жауап берді
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 12:56
- 15
Қазақстандағы мұғалімдер жұмыс күні аяқталғаннан кейін жұмыс мәселелерімен айналыспауға құқылы болуы тиіс. Алайда Оқу-ағарту министрлігі сағат 18:00-ден кейін ата-аналармен байланысуға қатаң тыйым салуды жоспарлап отырған жоқ. Ведомствоның ата-аналар чаттарына қатысты ұстанымын министр Жұлдыз Сүлейменова түсіндірді.
Министрге мектеп чаттарында ата-аналар мен педагогтердің қарым-қатынасына қатысты нақты ереже қажет пе деген сұрақ қойды.
Жұлдыз Сүлейменова қазіргі уақытта осы мәселелерге қатысты талқылаулар мен пікірлер жұргізіліп жатқанын жеткізді.
Сүлейменованың айтуынша, бастапқыда сағат 18:00-ден кейін мұғалімдердің ата-аналар хабарламасына жауап бермеуі туралы нұсқа талқыланған. Алайда министрлік бұл уақыт барлық мектепке бірдей сәйкес келмейтініне назар аударды.
Оның айтуынша, мәселе отбасы мен мектеп арасындағы байланысты шектеуде емес, түсінікті ережелер мен өзара сыйластықты қалыптастыруда. Балаға қатысты шынымен шұғыл жағдай туындаса, мұғалім әдеттегі байланыс уақытынан тыс кезде де жауап бере алады.
Министр мұғалімдердің жұмыс уақытынан бөлек, демалып, күш-қуатын қалпына келтіруге арналған жеке уақыты болуы керектігін атап өтті. Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі маңызды жағдайларда жедел байланысу мүмкіндігін сақтай отырып, ата-аналар чаттарындағы қарым-қатынасқа әділ әрі түсінікті ереже енгізу қажет деп санайды.
"Егер қажет болса, Оқу-ағарту министрлігі ата-аналар чаттарына қатысты осы мәселелердің барлығын реттейтін бірыңғай нормаларды әзірлеуге дайын. Меніңше, бұған уақыт келді. Бұлай жалғаса бермейді", - деді Жұлдыз Сүлейменова.


