"Жаңа ереже пайда болды": Журналистер енді депутаттарды қуып жүріп, кез-келген жерде сұхбатқа тарта алмайды
- автор kyn.kz
- Бүгін, 12:18
- 29
Журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін аккредиттеуге арналған құжат 7 қыркүйекте Құрылтай сайтында жарияланды.
Жаңа талаптардың маңызды бөлігі – Құрылтай ғимаратында фото, видео және аудио түсіруге рұқсат етілетін орындардың белгіленуі.
Бұған дейін парламентте жұмыс істейтін журналистер депутаттарды кулуарда күтіп, дәлізде жолыққан кезде камера қосып, қоғамда талқыланып жатқан мәселелер бойынша сұрақ қоя алатын. Енді мұндай жұмыс форматына қатысты талап күшейеді.
Ережеде түсірілім жүргізудің негізгі орны ретінде Құрылтайдың баспасөз орталығы көрсетілген. Ал ғимараттың басқа бөлігінде жұмыс істеу үшін баспасөз қызметімен келісу қажет.
«Құрылтай ғимаратында фото, видео және аудиожазба Құрылтайдың баспасөз орталығында, сондай-ақ баспасөз қызметімен келісілген өзге орындарда жүргізіледі», – делінген құжатта.
Осыған байланысты депутаттардың журналистермен негізгі қарым-қатынасы арнайы ұйымдастырылған брифингтер мен кездесулерге ауысады.
Брифингтердің өзінде де тілшілерге бірқатар талап қойылады. Сұрақ қоймас бұрын журналист өзінің аты-жөнін және қай ақпарат құралының атынан аккредиттелгенін айтуға тиіс.
Ал кездесуді жүргізетін модератор кімнің қай кезекте сөйлейтінін анықтап, қажет болған жағдайда бір журналист қоятын сұрақтардың санын шектей алады. Сауалдар брифингке алдын ала белгіленген тақырып аясында қойылуы керек.
Жаңа құжат журналистердің Құрылтайға кіру тәртібін де нақтылайды.
БАҚ өкілдерін аккредиттеумен Құрылтай аппаратының баспасөз қызметі айналысады. Аккредиттеудің екі түрі қарастырылған: тұрақты және уақытша.
Құрылтай қызметін тұрақты түрде жариялайтын журналистерге аккредиттеу сессияның жұмыс кезеңіне беріледі. Өтініштер жылына екі мәрте – ақпан және тамыз айларында қабылданады.
Ал редакция тілшіні тек белгілі бір отырысты немесе іс-шараны жариялауға жіберсе, уақытша аккредиттеу рәсімделеді. Мұндай өтініш іс-шара басталғанға дейін кемінде бір жұмыс күні бұрын берілуі қажет.
Сонымен қатар әр өтініш автоматты түрде мақұлданбайды. Қажетті құжаттардың толық болмауы, БАҚ-тың тиісті тізілімге енгізілмеуі немесе журналистің бұрын аккредиттеуден айырылған мерзімінің аяқталмауы бас тартуға негіз болуы мүмкін. БАҚ қызметін тоқтату жөніндегі сот шешімі заңды күшіне енген жағдайда да аккредиттеу берілмейді.
Ережені бұзған журналист бұрын алған аккредиттеуінен де айырылуы ықтимал.
Соның ішінде Құрылтай ғимаратында белгіленген талаптарды екі реттен көп бұзу осындай шара қолдануға негіздердің бірі ретінде көрсетілген. Бұл жағдайда БАҚ өкілі алты айға дейін қайта аккредиттелу құқығынан айырылуы мүмкін.
Аккредиттеуге қатысты шешіммен келіспеген журналист оған заңда көзделген тәртіппен шағым түсіре алады.
Айта кетейік, Құрылтайдағы журналистердің жұмыс форматының өзгеретіні алғашқы отырыстан-ақ байқалған. Сол кезде БАҚ өкілдерінің депутаттар жүретін кулуарға өтуіне шектеу қойылып, тілшілердің депутаттарға еркін баруына мүмкіндік берілмеген еді.


